Қазақстанда балық жемін дайындайтын зауыт ашылады
Қазақстан мен Польша іскерлік ынтымақтастықты кеңейтіп жатыр.
Варшавада екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес форум өтті. Қазақстанда бизнес жүргізуді қалайтын инвесторлар мен компанияларға еліміздегі инвестициялық мүмкіндіктер таныстырылды. Форумды Қазақстан елшілігі мен Польша инвестиция және сауда агенттігі ұйымдастырды.
Бизнес форум Варшавада екінші мәрте ұйымдастырылды. Поляк компанияларының Қазақстанға қызығушылығы жоғары. Шараға кәсіпкерлерден бастап ірі инвесторлар мен мемлекеттік органдардың өкілдері келген.
Гжегож Пеховяк, Польшаның Даму және технология министрінің орынбасары:
- Форумға қатысушылар арасында Қазақстанмен нақты іскерлік байланыс орнатуды жоспарлап жүргендер бар. Біз қазақ бизнесмендерінің елімізге келіп кәсіп етуін қалаймыз. Польшаның жаңғыртылатын энергетика мен ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі мол.
Жиында сауда, логистика және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазақстан Польша нарығына машина жасау, жаңғыртылатын энергетика және айти индустрияда жұмыс істеуді ұсынады. Өзге салаларда да ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік мол.
Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция министрінің орынбасары:
- Осы форумға 20 шақты қазақстандық бизнесмендер және 200 тамам шамасында Польшаның бизнесмендері келіп сұхбаттасып отыр. Жаңа біз үлкен инвестициялық жобаға қол қойдық. Сондықтан форум өте жақсы өтіп жатыр деп сенем. Қазақстан мен Польша арасында тікелей әуе қатынасы бар. Бұл бизнеске өте ыңғайлы және өте жақсы. Мысалы біз сауда министрлігінде екі мемлекет арасында қандай мәселелер ең негізгі болып табылатынын қарастырдық. Бұл темір жол, әуе қатынастары және бір тіл сөйлеу.
Гжегож Ошаст, Польшаның Инвестиция және сауда агенттігі басқармасының мүшесі:
- Қазақстан поляк бизнесмендері үшін ғана емес жалпы еуропалық кәсіпкерлерге де өте тартымды нарық. Қазақстанның логистикалық әлеуеті жоғары. Сондықтан форумға түрлі сала өкілдерін шақырдық.
Қазір Қазақстанда 100-ден аса поляк компаниясы жұмыс істейді. Олардың арасында фармацевтика, құрылыс және ауыл шаруашылығында әлемге танымал бірлестіктер бар. Жуық арада Қазақстанда балық жемін дайындайытн зауыт ашылғалы жатыр.
Пётр Бура, "Seneka Poland" компаниясының президенті:
- Біздің компания балықтарға арналған жоғары сапалы жем шығарады. Орталығымыз Польшада орналасқан. Азияда жұмыс істеп жатқанымызға көп жыл болды. Енді Қазақстанда кәсіп істейміз. Ғылыми-зертеу орталығы мен тарату желісін құруды көздеп отырмыз.
Варшавадағы форум қазақ және поляк бизнесмендеріне серіктестікті жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді. Шара нәтижесінде келешекте тың жобалар пайда болатынына сенім мол.
Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский