Түркияда құрбандыққа шалар мал құны екі есе қымбаттады
Алдағы Құрбан айтта Түркия жұрты 9 күн демалады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бауырлас ел діни мейрамға қал-қадірінше дайындалып, жаппай атап өтеді.
Елде ақылы жолдар тегін болады. Ірі қалаларда мыңдаған сақшы күні түн кезекшілік атқарып, тәртіпті бақылайды. Бір ғана қиындық мұнда құрбандыққа шалар мал бағасы екі есе қымбаттап кеткен.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Түрік халқы Құрбан айтқа ерекше дайындалады. Құрбандық шалатын арнайы орындар дайындалып, тұрғындарға алдын-ала хабар беріледі. Жергілікті әкімшіліктің арнайы құрған осындай орталықтарында діни ғибадаттарын орындай алады. Мен қазір Анкараға 30 шақырым қашықтағы мал базарлардың бірінде тұрмын. Бұл жерде шамамен 4 мың құрбандық малы сатылымға шығарылған. Оның 2700-і – қой. Биыл мал базарындағы баға былтырмен салыстырғанға екі есе қымбат. Мұнда мүйізді ірі қараның бағасы біздің ақшамен 605 мыңнан 2,5 миллион теңгеге дейін. Ал қой мен ешкінің құны 70-150 мың теңге аралығында.
Саит Ташдемир, сатушы:
- Түркияның Карс провинциясынан келдік. 40- 150 лира аралығында ірі қара құрбандық малдарымызды алып келдік. Қазірше сауда жаман емес. Негізгі белсенділік ертең басталады.
Рамазан Южелди, тұрғын:
- Жылда бір тананы жалғыз өзім құрбандыққа шалатынмын. Базарды әлі аралап жүрміз. Баға едәуір қымбаттаған. Келісе алмасам, басқа кісімен бірлесіп алатын шығармын. Бастысы – мұсылмандық міндетті атқару.
Иса Ташкын, сатушы:
- Биыл ұсақ қараға деген сұраныс көп. Өйткені жемнің бағасы өсті. Тасымал қымбаттады. Олардың барлығы – шығын. Осы себепті ірі қараға қарағанда ұсақ малды таңдаушылардың артқанын көріп отырмыз. Мендегі ең төменгі баға 120 мың теңге шамасында.
Мал базарында саудаласу – ежелгі дәстүр. Тіпті кейде жұрт бірнеше сағат бойы бір ымыраға келе алмай, ұзақ тұрады.
Мал базарына тек құрбандыққа жарамды малдарды сатуға рұқсат. Себебі төрт түлік діни шартқа сай болуы тиіс. Сол үшін әрбір малдың құлағындағы сырға да, оның жасы, түрі мен екпесі жайлы ақпарат бар. Оны ұялы телефондағы арнайы қосымша арқылы көруге болады.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Ресми дерекке сүйенсек, биыл Түркияда 3 миллион 300 мыңнан аса құрбандық шалынбақ. Қазір базарға келушілер аса көп емес. Қызу сауда, Арапа және Айт күндері болады. Бұдан бөлек, Құрбан айтқа берілген 9 күндік демалыста ел көлемінде 24 мың қауіпсіздік сақшысы қызмет атқарады. Ірі қалаларда көпір, туннель мен ақылы жолдар тегін болмақ.
Авторы: Меруерт Қанағат.