Әлемде электромобильге сұраныс артты. Шартарап
Электрокөлік – заман талабы.
Статистика – соның бір айғағы. 2020 жылы электрмобильдің нарықтағы үлесі небәрі 4%-ті құраған. Ал былтыр бұл көрсеткіш 14%-тен асып түсті. Биылғы меже одан да жоғары болады деген болжам бар. Еуропада кейінгі жылы бензинмен жүретін темір тұлпардан гөрі электромобиль көп сатылған. Мұндай жағдай алғаш рет тіркеліп отыр..
Кейінгі кездері электрмобильдерге сұраныс күрт артып барады. Бірақ сонымен қатар қосымша проблемалар да туындап отыр.
Электромобильге сұраныс артты
Климаттың өзгеруіне байланысты электромобильге сұраныс та артып барады. Былтыр оның 10 миллионы сатылған. Бұл – рекордық көрсеткіш. Биылғы сандар одан асып кетуі мүмкін. Алдын-ала есептеулер бойынша, жыл соңына дейін 14 миллион электрлік көлік сатылуы тиіс. Көрші Ресейде алғашқы жарты жылда оның сатылымдары былтырмен салыстырғанда 244%-ке өскен. Десе де бүгінде Қытай көш бастап тұр. Өткен жылы әлемде сатылған электромобильдердің 60%-і осы елде тіркелген. Мемлекет 2009 жылдан бері олардың өндірісін субсидиялап келеді. Сол уақыттан бері 29 миллиард доллардай бөлінген. Оның үстіне үкімет салықтан босату секілді жеңілдіктер де енгізген. Осындай шаралардың арқасында бүгінде Қытай бірінші орыннан көрініп отыр. Бұл экономикалық жағынан да, экологиялық жағынан да тиімді. Өйткені көршіміз ауаға бөлінетін парниктік газдардың мөлшері бойынша көшбасшылардың қатарына кіреді.
Цзо Синьюй, Қытайдың Логистика және сатылымдар федерациясының өкілі:
- Кейінгі кезде біз көлік өндіру жағынан алдыңғы қатардан көрініп жүрміз. Сала қарқынды дамып келеді. Экспорттық әлеуетіміз де артып келеді. Өнімдерімізді дамып келе жатқан елдермен қатар дамыған мемлекеттерге де жеткізіп жатырмыз.
Литийге сұраныс артты
Электрмобильдерге сұраныс артқан сайын өндірісте қиындықтар көбейген. Бұл – аккумуляторлар тапшылығы. Мұндағы басты элемент – литий. Бір ғана Еуроодақта 2050 жылға таман литийге деген сұраныс 60 есе артады деген болжам бар. Сондықтан қазір бұл элементті сатып алу көп елде мемлекеттік маңызы бар іске айналып барады. Мәселен, Австралиядан кейінгі литийдің екінші ірі өндірушісі Чилиде оның кен орындары мемлекет меншігіне өте бастады. Бірақ бұған байырғы тұрғындар қарсы. Чилимен көрші Боливияда да литий көп. Оның қоры 23 миллион тонна деген болжам жасалды.
Луис Арсе, Боливия президенті:
- Бұл – жақсы жаңалық. Мына түрімізбен біз литий қоры бойынша әлемде бірінші орынға шығамыз. Бұған дейін бізде бұл элементтің қоры 21 миллион тонна деп есептеген едік. Соңғы геологиялық-барлау жұмыстары 23 миллион тонна екенін көрсетіп отыр. Болашақта оны өндірудің тың технологиясын енгіземіз.
Электрмобильдерге сұраныстың артуы тағы бір проблеманы тудырып отыр. Бұл – қуаттау станцияларының тапшылығы. Сонымен қоса электр энергиясымен жүретін темір тұлпарларға қызмет көрсететін мамандар да жетіспей жатыр. АҚШ-та жақында жүргізілген сауалнама нәтижелері көрсеткендей, тұрғындардың дені қуаттау станциялардың аздығына байланысты электромобиль сатып алудан айнып қалған. Сондықтан сарапшылар «экологиялық таза» көлікке көшу үшін әлем елдерінің билігі өндіріске ғана ден қоймай, осы мәселелерді де назардан тыс қалдырмау керектігін айтады.