Анкарада қазақ қолөнершілерінің көрмесі өтті
Этноауыл ұйымдастырылып, көпшілік назарына көшпенділер мәдениеті көрсетілді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Игі шара Түркия Республикасының 100 жылдық мерейтойы мен Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының 30 жылдығына орайластырылды.
Осыдан 2 ай бұрын «Қымызfest» фестивальімен басталған этноауылда қазақтың ұлттық өнері насихатталды. Бірнеше облыстан келген шеберлер өз жұмыстарын ұсынды. Анкарадағы шара үшін арнайы келген көрермендер қолөнершілердің бұйымдары мен сәндік заттардың жасалу шеберлігін жоғары бағалады,
Асқар Бозымбай, шебер:
- 5 шебердей келіп отырмыз. Оның ішінде Астана қаласынан, Алматы қаласынан, Қарағанды облысынан ат терлетіп, алыстан келіп отырмыз. Халық өте жақсы қабылдап жатыр. Әсіресе туыстас түрік жұрты. Ұнап жатса, шетінен сатып алып жатыр.
Қазақстанның Түркиядағы елшілігі, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы мен Дүниежүзі қазақтарының даму қорының ұйытқысымен өткен шарада жергілікті қазақтар өзара бас қосып, арқа-жарқа болды. Этноауылға келген жұрт қолөнершілер бұйымдарымен бірге концерттік бағдарлама тамашалап, қымыздан ауыз тиді.
Альпер Анкая, тұрғын:
- Анкара тұрғыны ретінде осы текті шаралар жиі қатысамын. Міне, бүгін туыстас қазақ жұртының қолөнері, өнері мен ұлттық тағамдарынан дәм тартып отырмын. Ұқсастықтар көп.
Ұлбала Қыдынқызы, турист:
- Қазақ мәдениетінің туыс елде көрсетілуі керемет көрініс болып отыр. Мен осында демалысқа келгенмін. Өзімнің елімнің қолөнерін көруге жетіп келдім. Жалпы түрік елінің мәдениетке ризашылығымды білдіремін. Қазақтың өнерін қолдап, жалпы Қазақстаннан келген қонақтармен мәмілесі мен үшін керемет болды.
Этноауылдағы шаралар мұнымен тоқтамайды. Бағдарламаның мазмұны – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, бауырлас халықтар арасындағы ортақ тарихты түгендеу, - дейді ұйымдастырушылар.