АӨСШК халықаралық ұйымға айналады
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі халықаралық өңірлік ұйымға айналады.
Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі апталығы аясында министрлер кеңесі бейресми отырысын өткізді. Жиында кеңестің жұмысын жетілдіретін құрылымдық өзгертулер бір ауыздан келісілді. Мәселен, Азияның жаңа жаһандық рөліне бейімдейтін реформалардың сегіз бағыты қамтылған жол картасы бекітілді. Бұл туралы кеңестің бас хатшысы Қайрат Сарыбай мәлімдеді. Азия кеңесі осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан бастамасымен Алматыда құрылды. Тиімді диалог алаңын қуатты халықаралық ұйымға айналдыруды ұсынып отырған да – біздің ел. Себебі, бұл Азия аймағындағы әскери, саяси, экономикалық және мәдени салалардағы яғни, жан-жақты ауқымды байланыстарды тереңдетуге жол ашады. Кеңес халықаралық құрылымға айналса да өңірлік ұйым ретінде жұмыс істей береді.
Қайрат Сарыбай, АӨСШК бас хатшысы:
- Біз сол шеңберден шығамыз деген ойымыз жоқ. Алайда, қазіргі таңда Азияның ғаламдық деңгейдегі рөлін ескере отырған кезде, бұл азия көлемінде қабылданатын шешімдер бүкіл әлемге өзінің септігін, өзінің ықпалын тигізеді деп білеміз.