Өзбекстанда Арал қайраңының 78% орманға айналады
Өзбекстан 2030 жылға қарай Арал қайраңының 78 пайызын жасыл желекке айналдыруды көздеп отыр.
Көршіміз бұл жоспарын Самарқанда өтіп жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымының шөлейттенуге қарсы комитет отырысында жариялады. Арал атырабының жалпы аумағы 6 млн гектарға тең десек, оның жартысынан астамы Өзбекстанға тиесілі. Осы күні теңіздің солтүстік және батыс бөлігі ғана сақталып отыр. Өткен ғасырдан бері жылдам құрғай бастаған айдын аймақ экологиясы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайына зор зиян келтірді. Теңіз табанынан ұшқан тұз құммен араласып, дүлей дауылға ұласады. Оған қарсы Қазақстан мен Өзбекстан кешенді орман өсіру жобасын бастады. Оңтүстік көршіміз осы істе біраз алға жылжыған. Жалпы аумағы 1 млн 700 мың гектар жерге сексеуіл және өзге де өсімдік егіп үлгерген. Қазақстанда бұл көрсеткіш әзірге 600 мың гектар шамасында. Дегенмен еліміз 2025 жылға дейін жасыл желек өсетін жер аумағын 1,1 млн гектарға жеткізбек. Одан бөлек, біздің мемлекет Сырдария суының біршама бөлігін Аралға бұрып, ондағы халықтың ата кәсібі - балық шаруашылығын жандандырып келеді.
Қажымұрат Толипов, Өзбекстанның орман шаруашылығы агенттігінің бас маманы:
- Қазір сексеуіл отырғызу қиындық туғызатын аймақтар ғана қалып отыр. Жыл сайын біз 100 мың гектар аумақты қамтуға тырысамыз. Бұл ретте қазақстандық әріптестерімізбен бірлесе жұмыс атқарамыз. Бір-біріміздің технология, әдіс-тәсілдерімізбен танысамыз. 2028 жылға қарай Өзбекстан тарапы жалпы аумақтың 60, ал 2030 жылға таман 78 пайызын жасыл желекке айналдыру жоспарын қойып отыр.