Әлемде 739 млн бала ауызсуға мұқтаж

Колумбия тұрғындардың денсаулығына алаңдаса, жаһан жұрты су тапшылығын қалай шешеміз деп бас қатыруда.

Ең сорақысы бүлдіршіндер қатты зардап шегуде. Статистика жаға ұстатарлық. Қазір әлемдегі әрбір үшінші бала судан тарығып отыр.

Бүгінде әлем бойынша су жетіспейтін аймақта 739 миллион бала тұрады. 2050-жылға таман олардың қатары тағы 35 миллионға көбейеді деген болжам бар. Бұл туралы ЮНИСЕФ баяндамасында айтылған. Мамандардың айтуынша, 5 жасқа дейінгі балалардың көбі осы су тапшылығы көз жұмып жатыр. Тіршілік нәрінен тарығып отырғандар әсіресе Таяу Шығыс, Африка мен Оңтүстік Азияда көп. Сарапшылар бұған климаттың өзгеруі себеп дейді. Өкініштісі сол - жаһандық жылынумен күреске бөлінетін қаржының тек 2,4 пайызы ғана балалардың жағдайын жақсартуға арналған жобаларға беріледі екен.  

Цитата

Кэтрин Рассел, ЮНИСЕФ атқарушы директоры:

- Климаттың өзгеруі балалардың денсаулығына, сонымен қоса психикалық жағдайына да әсер етеді. Аптап ыстық жиілеп кетті. Бұл су тапшылығына әкеп соқтырады. Ауаның ластануы да осы жаһандық жылынудың салдары. Балаларды қорғау үшін үлкен өзгерістер қажет. Бірақ көп жағдайда кәмелетке толмағандардың қажеттіліктері ескерілмей жатады.

Оңтүстік Азияда тұщы су тапшы

Судан тарыққан бала әсіресе Оңтүстік Азияда көп. Аймақта осындай 347 миллион жеткіншек тұрып жатыр. Ал өңірдегі судың тек 4 пайызы ғана ішуге жарамды. Әсіресе Ауғанстан, Бангладеш, Үндістан мен Пәкістандағы ахуал алаңдатарлық. Сарапшылар мұнда климаттың өзгеруінен бөлек мәселені суды тиімсіз пайдалану әдістері де ушықтырып отырғанын айтады.   

Цитата

Санджай Виджесекера, ЮНИСЕФ Оңтүстік Азия бойынша аймақтық директоры:

- Су тапшылығы балалардың денсаулығына кері әсер етеді. Азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Түрлі аурулардың өршуіне әкеп соқтырады. Бұл ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпке де зиянын тигізеді. Шалғайда тұратын шаруалардың балалары ауыр жағдайда өмір сүреді. Сондықтан мұнда бала еңбегін қанау секілді мәселе көп туындауы мүмкін. Біз 2030 жылға дейін судан тарыққан жеткіншектер санын екі есе азайтуды көздеп отырмыз.

Климат конференциясына артар үміт зор

ЮНИСЕФ өкілдері өз баяндамасын БҰҰ-ның климаттық конференциясы қарсаңында жариялап отыр. Дәстүрлі жиын 30 қараша мен 12 желтоқсан аралығында Дубайда өтеді. Былтырғы басқосуда 2030 жылға қарай климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша 30 мақсат қойылса, соның екеуі су мәселесіне арналған болатын. ЮНИСЕФ өкілдері екі аптадан кейін басталатын конференция қатысушыларын жаһандық жылынудың, соның ішінде су тапшылығының балалар үшін кері әсеріне көбірек көңіл бөлуге шақырып отыр.