Еуропалықтар балалы болуға асықпайды

Демографиялық дүмпу экономикаға дем береді.

Халықаралық сарапшылар осылай дейді. Орталық Азиядағы демографиялық көрсеткіштер тәуір. Африкаңызда да халықтың өсімі күрт артқан.

Бірақ Шығыс Азия мен Еуропадағы жағдай бөлек. Егде жастағылар көбейген. Сарапшылар мұны бір есептен медицинаның сапалы болуының нәтижесі дейді. Ал, екіншіден, балалы болуға асықпайтындар көп. Неге олай?

Орталық Азиядағы демографиялық дүмпу 

БҰҰ-ның Еуропаның экономикалық комиссиясы аймағына 56 мемлекет кіреді. Құрамында тек кәрі құрлық қана емес, Солтүстік Америка мен Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан да бар. Мұнда еңбекке жарамды халық саны азайып барады. Тек Орталық Азиядағы жағдай бөлек. Өңірде, керісінше, бала туу көрсеткіші жоғары. Жалпы қазір Еуропаның экономикалық комиссиясы аймағында бір миллиард 300 миллион адам тұрады. 2050-жылға таман ол сан 40 миллионға көп болады деген болжам бар. Орталық Азия бойынша халық саны үштен бірге артуы тиіс. Сарапшылардың пайымдауынша, алғашқы үштікке Өзбекстан, Қазақстан мен Тәжікстан кіреді.

 

Шығыс Азиядағы ахуал алаңдатарлық 

Бұл – Орталық Азиядағы жағдай. Ал Шығыс Азиядағы ахуал алаңдатардық. Мысалы, Жапонияда кейінгі бір жылда еңбекке жарамды тұрғындар саны 230 мыңға кеміген. Қазір мұнда халықтың 29%-і – 65-ті алқымдаған қариялар. Шығыс Азиядағы ең ірі ел – Қытай халқы да қартайып барады. 1949 жылы орташа өмір сүру ұзақтығы 40 жас шамасында болса, қазір меже 78-ден асқан. Көршіміз бұған дейін «Бір отбасы – бір бала» саясатын ұстанып келген. Оның алынып тасталғанына бірнеше жыл болды. Алайда демографиялық дүмпу болған жоқ. Өйткені баспана мен білім алу қымбат. Былтыр мұнда бала туу көрсеткіші мен неке қию саны жағынан антирекорд тіркелді. Халық саны бойынша биыл Қытайды Азиядағы Үндістан басып озды. Сөйтіп, қазір ол ең жас мемлекеттердің қатарына кіреді. Мұнда тұрғындардың шамамен жартысы – әлі 25-ке толмағандар. 

 

Еуропалықтар балалы болуға асықпайды

Ең күрделі демографиялық жағдай кәрі құрлықта, - дейді сарапшылар. Еуроодақтың әрбір бесінші тұрғыны 65-ті алқымдарған қария саналады. Мұнда жасы 80-нен асқан тұрғындар Италия, Грекия, Германия, Португалия мен Францияда көп. Еуропалықтар отбасын құрып, балалы болуға асықпайды. Мансап қуады. Оның үстіне әлемді жайлаған қымбатшылық тағы бар. Инфляцияға байланысты баланы бағып-қағу көп шығынды қажет етеді деп ойлайтындар қатары көбейген.   

 

Демографиялық өсім экономикаға дем береді

Есесіне Африкада бала туу көрсеткіші артып келеді. 1900 жылы мұнда 140 миллион адам тұрса, қазір ол сан 1,5 миллиардқа жуықтайды. Ал 2050 жылға таман көрсеткіш 2,5 миллиардқа жетеді деген болжам бар. Сонда әлем халқының төрттен бірі Африка тұрғындары болады деген сөз. Бұл еңбекке жарамды адамдар саны артатынын білдіреді. Түптеп келгенде мұның бәрі экономикаға оң әсер етіп, құрлықтағы елдердің жаңа әлемдік державаларға айналуы да ғажап емес, - дейді сарапшылар. 

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Зәуреш Думанқызы.