Қазақстан азаматы Оңтүстік Кореяда ерлік жасады
Сеулдегі елшілігіміздің қызметкері өртеніп жатқан көлікті сөндіріп, алапат өрттің алдын алды.
Руслан Қайрамбаевтың Кореяға келгеніне айдан асты. Елшілік қызметкері сол күні демалыста еді. Бірақ шұғыл шаруа шығып,елшілікке асығады. Сол-ақ екен, жанып жатқан көлікті байқайды. Руслан Қайрамбаев ойланбастан өртті сөндіруге ұмтылады. Шұғыл әрекеттің арқасында қызыл жалынды ауыздықтайды.
Руслан Қайрамбаев, Қазақстанның Кореядағы елшілігінің қызметкері
- Тұрақтан жанып отырған машина шықты. Сол жанып отырған машинаны бірінші хатшы Байтілеуов Бауыржан жанып отырғанын айтты. Мен өрт сөндіргішті алып жүгіріп шығып машинаны өшіруге кірістім.
Өрт Сеулдегі ғимараттардың бірінде болған. Жүргізуші жеңіл көлігімен жерасты тұрағынан шыққан кезде қызыл жалын бұрқ етеді.
Кан У Джун, ғимаратты басқару бөлімінің басшысы:
- Жүргізуші өрт басқа көліктерге таралмасын деп көлікті тұрақтан шығаруды ұйғарды. Ол шыққан бетте қарама-қарсы жақта Қазақстан елшілігінен қолында өрт сөндіргіші бар қызметкер жүгіріп шығып, жалынның бетін қайтарды. Әрине, өрт сөндіру қызметін шақырдық, бірақ олар келгенше елшілік қызметкері жылдам қимылдады. Сол үшін оған көп рақмет айтамыз. мақтауға лайық азамат.
Русланның ерлігін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Йонсан мөлтек ауданының әкімдігі алғыс хатпен марапаттады.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.