Еуропада жаңа жыл жақындаған сайын баға аспандап барады

Еуроодақ халқының 64% шыршаны ескі әшекеймен безендіруге көшкен дейді.

Біраз ел үнемге көшкен сыңайлы. Өйткені дағдарыс күшейген.

Қымбатшылық еуропалықтарға қиындау тиіп жатқанға ұқсайды. Былтыр олардың 30% ғана ұсталған тауарлар сатып алған еді. Биыл үнемдеушілер қатары 2 есе өскенін көріп отырмыз.

Мажарстанда Жаңа жылдың басты рәмізі – шыршалар азайып қалған дейді.

«Адамзат пен табиғат – егіз» деп тегін айтылмаса керек. Әлем халқы қалада ақшасы, далада шыршасы азайған заманға тап келген секілді. Лаңкестік қаупі де артып отыр.

Мерекенің берекесін алған баға

Кубаның көптеген тұрғыны үшін биылғы Жаңа жыл қызық болмайын деп тұр. «Бостандық аралында» азық-түлік, жанармай мен дәрі-дәрмек тапшы. Оларды елге әкелуге 63 жыл бұрын АҚШ салған санкциялар кедергі. Кейінгі 2 жылда жарты миллионнан астам кубалық Құрама Штаттарға кетуге мәжбүр болған.

Роберто Лимонта, Гавана тұрғыны:

- Көптеген кубалық отбасы Жаңа жыл мерекесін тойлай алмайды. Сырттан тауар келмегендіктен, елде барлық нәрсенің бағасы удай. Биыл азық-түлік 6 есе қымбаттады.

 

Базар нарқы не дейді?

Еуропада жаңа жыл жақындаған сайын базардағы баға аспандап барады. Биыл дағдарыс ерекше сезіле бастаған. Венгрия астанасында азық-түлік бағасы қазірдің өзінде удай. Көпшіліктің таңсық асы – хот-дог 21 еуро тұрады. Теңгеге шаққанда 10 мыңнан асады. Ал қаланы биіктен шолатын дөңгелекке отыру – 11 еуро. Бұл өте қымбат. Өйткені Будапешт тұрғындарының орташа айлығы 830 еуроға жетпейді. Желтоқсандағы инфляция деңгейі 24%-тен асқан. Бұл – кейінгі 80 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Сарапшылар: «бағаның күрт көтерілуі – нарық талабы» дейді.

- Бағалар удай. Туристерді білмеймін, біз сияқты жергілікті тұрғындарға ауыр тиіп жатыр.

- Будапештегі базар өте әдемі. Мұндай туристер қаптап келеді. Бірақ баға тым жоғары. Жұрттың айлығы шайлығына жетпей жүргенде дәл мереке кезіндегі азық-түліктің қымбаттауы көңілге кірбің түсіреді.

 

Шыршасыз Жаңа жыл

Венгрия Жаңа жылдың басты рәмізі - шыршасыз қалуы мүмкін. Былтыр аталған ағаш алқабы 10 мың гектарға қысқарған. Бұл – елдің Жер орталығының мәліметі. Шыршалардың азаюына клматтың өзгеруі себеп. Күн ыстықта ағашты жейтін жәндіктер жылдам көбейіп жатқан көрінеді. Шаруалар зиянкестерді жою үшін жылына 3 рет инсектицидтер себуге мәжбүр. Биыл кәсіпкерлер шырша бағасын 20%-ке көтереміз дейді.

Януш Канас, шырша өсіруші:

- Зиянкес жәндіктер шыршаның діңіне терең еніп алады. Сондықтан оларды жою өте қиын. Көп таралсын деп дәріні тікұшақпен де шаштық. Бірақ көмегі аз болып жатыр. Ауру тоқтамаса, орманды жаппай кесуге тура келеді. Мұның салдары жергілікті тұрғындар үшін ауыр болмақ. Өйткені шыршаны сату – олардың негізгі күнкөріс көзі.

 

Климат «қалтаға түсті»

Климат өзгерісі британиялықтарға да кері әсер етіп жатыр. Қуаңшылық салдарынан пияз өнімділігі 30%-ке қысқарды. Сондай-ақ жауын-шашын әдеттегіден көп түскендіктен, картоп та өте аз шыққан. Осылайша, жаңа жыл қарсаңында көкөніс қымбаттады. Мәселен, кешкі ас 80 фунт стерлингке жетуі мүмкін. Бұл – шамамен 46 мың теңге.

 

Лаңкестік қаупі күшейді

Ал Германияда жаңа жыл алдында лаңкестік қаупі күшейді. Осыған байланысты елде қазірден жаппай қауіпсіздік шаралары қолға алынған. Өткен аптада солтүстік аймақта жаңажылдық тауарлар базарына шабуыл жасауды жоспарлаған 2 жігіт қолға түсті. Осыдан 7 жыл бұрын Берлиндегі осындай базарда жүк көлігімен шабуыл жасалып, 11 адам ажал құшқан еді.

Нэнси Фезер, Германияның Ішкі істер министрі:

- Таяу Шығыстағы қақтығыс біздің елдің қауіпсіздігіне де әсер етіп жатыр. Біз жаңажылдық мереке кезінде жекелеген адамдардың лаңкестік әрекет жасау мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз. Интернет бетінде де өшпенділікті білетін сөздер көбейіп кеткен. Осы орайда қауіпсіздік шараларын бірден күшейткен әріптестеріме алғыс айтқым келеді.

Ал Германиямен көршілес Австрия, Италия, Испания мен Швецияға туристер керісінше көп барғалы жатыр. Саяхатшылар саны жаңажылдық мерекелер кезінде былтырғыға қарағанда 25%-ке көбейеді деген болжам бар. Сондықтан аталған елдер қауіпсіздік шараларын қазірден барынша күшейту кірісті.