Поляр шеңберіне саяхаттайтындар қатары артты

Кейінгі кезде әлемде экстремалды туризм түрлері қарқынды дамып келеді.

Парашютпен секіріп, сноуборд тебетіндерден бөлек, Поляр шеңберіне сапар шегетін саяхатшылар қатары да айтарлықтай артқан. Өйткені демалыстың мұндай түрі кез келген адамға ұмытылмас әсер қалдырады, - дейді ұйымдастырушылар. Саяхаттың жаңа түрі несімен қызық?

Бұл – Балтық теңізінің солтүстік бөлігіне – Поляр шеңберіне бет алған швед кемесі. Ондаған жылдар бойы мұзжарғыш қызметін атқарған ол бүгінде туристерді тасымалдайды. Жиһанкездердің жайлылығы үшін кемеде барлық жағдай жасалған. Ескі каюталар заманға сай бөлме болып өзгерсе, негізгі палуба су көлігінің қалың мұзды қалай жарып жатқанын тамашалауға болатын алаңға айналған.

Фрэнк Хаммерё, кеме командирі:

- Кеменің пішіні ерекше. Әсіресе алдыңғы бөлігі. Себебі арнайы мұзжарғыш орналасқан. Жалпы бұл кеменің әдеттегі кемемен салыстырғанда қуаты өте жоғары.

Экспедицияның берері мұнымен шектелмейді. Туристер бетін мұз басқан теңізді тамашалап қана қоймай, суда шомылуына да мүмкіндік бар. Қауіпсіздік мақсатында экипаж мүшелері саяхатшыларға алдын-ала арнайы киім таратады. Ол дене жылуын сақтап, суға батып кетпеуге көмектеседі.

Ольга Робача, кеменің басқарушы директоры:

- Теңіз суында жүзуден әдетте ешкім бас тартпайды. Алғашында тек жүрексінетіні бар. Өйткені су тым суық деп ойлайды. Бірақ соңында жүзе алмайтындардың өзі мұзды суға шомылып жатады.

Жалпы Поляр шеңберіндегі тур 3 сағатқа созылады. Осыдан кейін туристер Арктикада өмір сүретін балықтан жасалған тағамдардан дәм татып, мұз үстінде серуендейді. Экспедиция жетекшілерінің айтуынша, саяхаттың осы бір түрін таңдайтындар қатары жылдан жылға артып келеді. Әсіресе пандемиядан кейін туристер саны күрт көбейген. Биыл қыста 18 мың адам саяхаттайды деп болжанып отыр.