Алматы – әлемдегі ең тартымды туристік бағыттың бірі

Алматы The New York Times басылымының нұсқасы бойынша туристік бағыттағы үздік қалалар тізіміне енді. Демек, енді елімізге шетелдік туристер көптеп келеді.

Айжан Сыдықова, тілші:

- Әлемдегі белді басылым "The New York Times" Алматыны үздік туристік қаланың бірі деп есептейді. Газет жыл сайынғы дәстүр бойынша биыл баруға тұрарлық 52 жердің тізімін жариялады. Рейтингтің алғашқы ондығына Мауи, Париж, Женева сияқты бағыттар кірсе, ал тізімнің бел ортасындағы Алматы қаласы туристер көп баратын Австриядағы Вена мен Мысырдағы Хургададан жоғары, 25-ші орында орналасқан. Қазақстандық мегаполис Орта Азиядан енген жалғыз қала. АҚШ азаматтары Қазақстанға 30 күнге дейін визасыз келе алады. Қазақстанның Туризм министрлігінің мәліметінше, өткен жылдың небәрі 9 айында АҚШ-тан келетін туристер ағыны 54 пайызға артқан.

Басылым мегаполисте 2 миллион халық тұратынын, елдегі халық ең көп қоныстанған аймақ екенін атап өтті. Қала тыныш, соған қарамастан тіршілігі қайнаған шаһар деп бағалаған. Әсіресе, мәдени орталықтар мен тағамдардың әруаландығына ерекше екпін беріпті. Жалпы, 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанға 835 мыңнан астам турист келген, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ға артық. Бұл біздің елімізге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.

Блиц:

Роберт Кленс, қала тұрғыны:

- Мен Қазақстан туралы аздап білемін, оның Орталық Азияда орналасқанын және салыстырмалы түрде суық екенін білемін. Мен кейде Олимпиада ойындарында Қазақстаннан келгендерді көремін.

Грейс Клунуцке, қала тұрғыны:

- Менің ойымша, бұл баруға тұрарлық ерекше орын. Міндетті түрде бір күні барам. Мен оның Азияда екенін және өте әдемі жер екенін білемін. Бұл тамаша сапар болады деп ойлаймын. Менің ойымша, New York Times өте беделді басылым, сондықтан ондағы мақалаларға назар аударамыз.

Лин Смит, қала тұрғыны:

- Мен Қазақстанға барғым келеді, мәдениетімен, асханасымен танысқым келеді, ол жерге турист ретінде бару өте қызық болар еді. Мен Нью-Йорк Таймстың да осындай жерлерге қатысты ұсыныстарын қарастырар едім.

Бұған дейін еліміз бұл тізімге 2017 жылы ЭКСПО көрмесі қарсаңында енген екен. Өткен жылдың 9 айында Қазақстанға 28 мың америкалық саяхаттап  келген.

Авторы: Айжан Сыдықова