Эквадор қауіпсіздік күштері 329 бүлікшіні ұстады

Бұл туралы Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы Хайме Вела хабарлады.

Олардың арасында түрмеден қашқан тұтқындар, қылмыскерлер және экстремистік ұйым өкілдері бар. Әскерилер 60-тан астам қару-жарақ пен байланыс құралын, 200 келідей тыйым салынған затты тәркіледі. Сондай-ақ, рейд барысында 40-тан астам кепілге алынған адам босатылды. Олардың бәрі дін аман, жағдайы бірқалыпты, дейді әскерилер. Естеріңізге сала кетейін, Латын Америкасындағы бұл мемлекетте 60 күндік төтенше жағдай жарияланды. Себебі, қылмыстық топтың басшысы түрмеден қашып, бүлік туғызды. Қылмыскерлер 130-ға жуық адамды кепілге алды. Олардың қатарында түрме күзетшілері мен өзге де қызметкерлер бар. Ахуалға байланысты түнде коменданттық сағат енгізіліп, көшелерді түгел әскерилер күзетіп жатыр.

Айта кетерлігі, Эквадорда 7 Қазақстан республикасының азаматы тұрады, олар консулдық есепте. Сонымен қатар, еліміздің 3 азаматы турист ретінде сапар шеккені анықталды. Консулдық тарапынан оларға қауіпсіздік шаралары түсіндірілді. Қазақстанның ешбір азаматы зардап шеккен жоқ.

Хайме Вела, Эквадор Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы:

- Біз әр түрлі калибрлі 61 қару мен жиырмадан астам жарылғыш құрылғыны тәркіледік. Эквадор тұрғындарын шыдамдылық танытуға шақырамын. Біз елдегі бейбітшілікті тез арада қалпына келтіру үшін бар күшімізді саламыз.