Испания билігі экологиялық дабыл қақты

Жыл сайын бүкіл әлемде 300 миллион тоннаға жуық пластик қалдық жиналады.

Оның тек бестен бір бөлігі қайта өңделеді. Ал қалған өнімнің қоршаған ортаға залалы орасан. Бұл ретте, Испания билігі экологиялық дабыл қақты. Оған елдің солтүстік жағалауының пластик түйіршіктерге толып кетуі себеп. Апатты жағдай бір ай бұрын кемеден контейнерлердің құлауынан туындап отыр. Зияны орасан пластик түйіршіктер, тіпті, Франция жағалауына дейін жеткен.

Бұл - Испанияның солтүстігіндегі Галисия мен Астурия жағажайлары. Бірнеше күннен бері теңіз жағалаулары кішкентай аппақ пластикалық түйіршіктерге толып, қоршаған ортаға қауіп төнген. Барлығы өткен айда либериялық жүк кемесінен бірнеше контейнердің теңізге құлауынан басталған. Жергілікті экологиялық ұйым өкілдері сол кезде-ақ оқиға үлкен экологиялық апатқа әкелетінін ескерткенін айтады.

Кристобал Лопес, экологиялық топ өкілі:

- Сол оқиғадан бері бір ай өтті. Жағажайлар қоқысқа толатыынн біз алдын ала ескерткенбіз. Алайда, жергілікті құзыретті органдар бұған құлақ аспады. Қазір де экологияға жаны ашығаннан емес, азаматтардың наразылық танытып, бұқаралық ақпарат құралдары шулаған соң ғана қозғалда бастады.  

Теңіздегі апат 8 желтоқсан күні Португалияның Виана-Ду-Кастело портынан 80 шақырым жерде орын алды. 6 контейнердің бірінен ашық мұхитқа 25 тонна пластик төгілді. Алайда, тасымалдау компаниясы алты контейнердің ешқайсысында қауіпті жүк жоқ деп сендіруге тырысты. Экологтар болса, теңізге жайылған пластиктен қоршаған ортаға қауіп орасан дейді. Себебі бұл материал суда тез ыдырап, ериді екен.

Джорди Олива, теңіздегі микропластиктерге қарсы ұйымның негізін қалаушы:

- Өндіруші компания пластик бұйымдардың құрамы туралы ақпарат берген жоқ. Алайда, пластикте эндокриндік жүйені бұзатын улы заттар бар. Өнімді сертификаттау жүргізілмеген. Қалай болғанда да, бұл экологиялық апат.

Кристобал Лопес, экологиялық топ өкілі:

- Бұл апаттан аймақтағы тұрғындардың өміріне қауіп күшейді. Себебі, оларды балықтар жеп уланып жатыр. Яғни осы өңірдегі дүкендерден теңіз өнімдерін сатып алу қатерлі.  

Greenpeace есептеулері бойынша, ашық суға төгілген пластик түйіршіктердің саны миллионға жуық. Испан билігі теңіз суы арқылы зиянды зат Франция жағалауына дейін жеткенін растады. Ал экологиялық ұйымдар бұл жағдай ЕО елдерін пластикалық түйіршіктермен жұмыс істеуді реттейтін жаңа ережелер қабылдауға ықпал етер деген үмітте. 

Авторлары: Сымбат Молдатай, Тамерлан Ким