Қытай көлік экспорты бойынша әлемде бірінші орынға шықты

Қытай автокөлік экспорты жағынан әлемде бірінші орынға шықты.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша 5 миллиондай темір тұлпар сыртқа сатылған. Ең қызығы, 2020 жылға дейін көрсеткіш миллионнан да аспайтын.  Қытайлық көліктерді сатып алып жатқан қай мемлекеттер?  

Демек 2023 Қытайдың автоөндірушілері үшін табысты жыл болды. Сарапшылар бұл қарқынмен Қытайда көлік экспорты 2030 жылға қарай 9 миллионға дейін жетеді деп отыр. Сонда әлемдік нарықтағы үлесі 30%-ке дейін артады.  

Көлік экспорты бойынша бірінші орында

Қытай автокөлік экспорты бойынша 2021 жылы Оңтүстік Кореяны, 2022-де Германияны басып озды. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша бірінші орыннан Жапонияны ығыстырған. Қытайлық автоөндірушілердің табысты болуына билік тарапынан көрсетілетін көмек көп әсер етті. Көлік жасап шығарушы компанияларға логистика жағынан қолдау көрсетіледі. Салаға тартылатын қаржы көлемі айтарлықтай ұлғайған. Ал электромобильдермен айналысатын кәсіпорындарға төмендетілген мөлшерлемемен несие беріледі. Тағы бір айта кететін жайт, шығысымыздағы көрші елде 80-нен аса автоөндіруші бар. Демек бәсеке жоғары. Сондықтан әрқайсысы инновациялар мен технологиялар жағынан бірін-бірі басып озып, тұтынушыларды таңғалдырмақ болып жатады. Міне, осындай шаралардың арқасында қытайлық көліктердің шетелдік нарықтағы үлесі артты.

Синь Гобин, Қытайдың Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар вице-министрі:

- Былтыр Қытайда көлік өндірісі алғаш рет 30 миллиондық межеден асты. Жылдық өсім 12%-ке жуықтайды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Экспорт көлемі де 60%-ке артты. Сөйтіп, біз темір тұлпарларды сыртқа сату бойынша әлемде бірінші орынға шықтық.

 

Қытай көліктеріне сұраныс жоғары

Қытай автоөндірушілері негізінен Еуропа мен Азияның дамып келе жатқан мемлекеттерінің нарығына көз тігіп отыр. Былтыр Ресей және Австралиямен де біраз келісімшарт жасалған. Әсіресе Қытайдың электрлі және гибридті көліктеріне сұраныс жоғары. Оларға негізінен еуропалықтар тарапынан қызығып жатқандар көп. Өйткені өзге елдердің өндірушілерімен салыстырғанда бағасы арзан. Оның үстіне кәрі құрлық мемлекеттерінің басшылығы да, тұрғындары да қазір экологияға аз зиян келтіретін электромобильдерге ден қойып отыр. Бұдан бөлек, қытайлық өнімдердің логистика жағы да жақсы ұйымдастырылған. Оның үстіне қызмет көрсету жағынан да көбінің көңілінен шығып жүр.      

Луан Цзипин, дизайнер:

- Біз өндірісті әр өңірдің тұрғындарына қарай бейімдейміз. Мысалы, Ұлыбританияға шығарылатын көліктердің артқы терезесіне қосымша тазалағыш құрылғылар орнаттық. Бұл тұман кезінде қажет болады. Таяу Шығыста шаңды дауыл жиі болатыны көбіне мәлім. Ал Таиландта күн қатты ыстық. Міне, осының бәрін ескере отырып, көлік дизайнына өзгерістер енгіздік.

Юй Ян, Guangzhou Jinyang Port Operations компаниясы бас директорының орынбасары:

- 2020 жылдың аяғынан бері Қытайды Солтүстік Америка, Оңтүстік Америка, Солтүстік Африка және Таяу Шығыспен теңіз арқылы байланыстыратын сауда жолдары 10 есе ұлғайды. Бізге экспорт көлемін бір миллиондық межеге дейін жеткізудің өзіне 55 жыл қажет болды. Сөйтіп, 2021 жылдан бері көрсеткіш тек артып келеді.

 

Шетелдік нарықтағы бәсеке

Еуропа билігі қытайлық өндірушілерге өз нарығын жаулап алуға мүмкіндік берсе, америкалықтар баж салығын өсіру арқылы нарығын қорғап отыр. Франция басшылығы да осылай істейміз дейді. Келешекте тек елде жасап шығарылған электрмобильдерді сатып алуға субсидия берілетінін ескертті. Қытайлық компаниялардың Еуропа мен АҚШ-та өз зауыттарын сала бастауы да осыдан, - дейді сарапшылар.