Испанияда пәтер жалдау қымбаттады

Испанияның Барселона қаласында баспана бағасы шарықтап, алдыңғы жылдың рекордын жаңартты.

Былтыр жалға берілетін пәтерлер бағасы әр тоқсан сайын 5 пайызға көтеріліп, жыл соңында бұл көрсеткіш 15 процентке жеткен. Ал ресми мәліметке қарағанда, шаһардың әрбір төртінші тұрғыны шетел азаматы көрінеді.

Қаңтар айы Испания тұрғындары үшін қымбатшылықпен басталды. Ауыз су, азық-түлік, жарық пен көгілдір отын құнының көтерілуі - жалдамалы баспана бағасының артуына тікелей әсер етті. Жаңа жылдан бастап, әсіресе ұзақ мерзімге жалға берілетін баспана ақысы бірден 7-8 процентке көтерілді. Пәтер ақының бұлайша қымбаттауына шетелдік саяхатшылардың да үлесі бар, дейді сарапшылар.

Камила Паредес, заңгер:

- Испанияға жылына жүз млннан астам турист келеді. Барселонаның әрбір төртінші тұрғыны шетелдік. Осы екі фактордың өзі үй бағасын шарықтатып жібереді. Әр үш ай сайын 5 процент деген өте көп, тұрғын үй саласындағы заңнамалық құжатты реттеп, бағаны көтеруге қатысты регламент жасау керек.

Дәл осы жалға берілетін пәтер ақысын көтермеуге қатысты наразылық акциялары Испанияда жиі ұйымдастырылып тұрады. Әсіресе пандемия кезінде ипотекасын төлей алмай, мыңдаған тұрғын банктерге қарыз болып қалған. Бұл тұста мемлекет “әлеуметтік баспана” санын арттырамыз деп уәде берді. Алайда бұл да тығырықтан шығар жол емес. Өйткені билік ұсынып отырған “әлеуметтік баспанаға” кезекке тұрудың өзі оңай емес, оның үстіне  ай сайын 400 еуро төлеп отыруың қажет.

Леандро Габелло, журналист:

- Жалға берілетін баспана мәселесі Испанияда ең бір өзекті мәселе. Пәтер иелері жыл емес, тоқсан сайын көтерем десе де өз еркі. Билік әлеуметтік пәтер санын арттырамыз деп алдайды, алайда мұндай пәтерге кезек он жылға дейін созылуы мүмкін. Және “әлеуметтік баспана” мүлдем жұмыссыз қалғандарға жарамайды, өйткені ай сайын қаржы құйып отыруың керек.

Жалдамалы пәтер иелері өз кезегінде мол қаржыны сақтандыру компаниялары мен адвокаттарға береміз, деп ақталуда. Оның да жөні бар. Себебі Испанияда бос тұрған үйге бөгде адамдар оңай кіріп алады да, шықпай зар қылады. Ондайларды мұнда “окупас” деп атайды. Үйіңе кіріп алған адамды тек адвокат немесе сот арқылы ғана қуып шыға аласың. Немесе пәтер ақысын ай сайын төлеп отырған адам жұмысынан айырылып қалған жағдайда баспананы бірден босатып бермейді. Ал егер кәмелетке толмаған баласы болса, ешкім оларды пәтерден күштеп шығара алмайды. Заң солай!

Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач.