Кореяда сүйегі Қазақстаннан жеткізілген генералға қатысты шу шықты
Сеулде корейдің атақты қолбасшыларының бірі Хон Бом Доға арналған көрме өтіп жатыр.
Іс-шара Корей тәуелсіздігі үшін күрестің 105 жылдығына арналды. Былтыр генерал Хон есімі елдегі екі ірі саяси күштер арасында дауға айналды.
Хон Бом До жапон оккупациясы кезінде Корей тәуелсіздігі үшін күрескен әскери қолбасшылардың бірі. Хон Кытай мен Ресейде партизандар жасақтарын құрып, ірі жеңістерге қол жеткізді. 1937 жылы қолбасшы басқа корейлермен бірге Қиыр Шығыстан Қазақстанға жер аударылады.
Владислав Цой, тілші:
- Көрменің бір бұрышы Қазақстанға арналған. Өмірінің соңғы жылдары Хон Бом До Қызылордада тұрып, корей театрында жұмыс істеген. Көзі тірісінде өзі туралы пьеса көрген деген дерек бар. Алматыда әлі күнге дейін корей театры жұмыс істейді. Ал Хон Бом До туралы қойылым, әлі күнге дейін театр репертуарында маңызды рольге ие.
2021 жылы қолбасшының мәйітінің күлі Қызылордадан әкелініп, Тэджондағы ұлттық зиратқа қайта жерленді. Ұлттық әскери академияның алдына Хон Бом До мен тағы төрт ұлттық батырдың бюсті орнатылды. Бір жылдан кейін елдегі билік либералдардан консерваторларға өтті, ал 2023 жылдың тамызында қолбасшыларға арналған ескерткіштерді алып тастау туралы шешім қабылданды. Қорғаныс министрлігі әскери академияда «коммунистік» генералдың бюстін орнату орынсыз деп санайды. Бұл шешімге оппозициялық Тобуро либералдық партиясының мүшелері қарсы болды.
У Вон Сик, Корея ұлттық ассамблеясының депутаты:
- Мен Хон Бом Доның күлін Қазақстаннан тасымалдауға көмектескен қазақстандықтардан қатты ұяламын. Бірақ Оңтүстік Корея азаматтарының көпшілігі бюстті алып тастауға қарсы және біз бұл процесті тоқтату үшін барлығын жасап жатырмыз. Хонг Бом До мемориалы сол жерде болуы керек.
Ким Сын Ин, Ұлттық мәселелер институтының зерттеушісі:
- Сауалнаманы толтыру барысында Хон Бом До саяси ұйым немесе партия мүшесі емеспін мен шаруа және партизанмын деп жазды. Хон «Ресейге сапардың мақсаты қандай?» деген сұраққа «Кореяның тәуелсіздігі үшін күрес» деп жауап берді. Хон Бом До тәуелсіздік үшін басқа батырларға қарағанда халықпен бірге ұзақ күресті. Бұл құжаттарды көрген келушілер бюстті жылжыту туралы шешімнің қате екенін түсінеді.
Корейдің халық батыры Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы байланыстарды нығайтуға себепкер болды. Хон Бом Доның сүйегі Тэджонға жеткізілгеннен кейін оның Қызылордадағы зиратының орнына мемориалдық саябақ салынды. Солтүстік Чолла провинциясы мен Қызылорда облысы арасында ауылшаруашылығы саласы бойынша ынтымақтастық туралы келісім бар. Сондай-ақ Қызылорда мен Сеул университеттері Қазақстанда жасанды интеллект мектебін құруға келісті.
Владислав Цой, Ольга Лян