АҚШ денсаулық сақтау саласына қыруар қаржы бөледі
АҚШ денсаулық сақтау саласына ең көп қаржы бөлетін елдің бірі.
Бірақ осыған қарамастан алпауыт мемлекетте ауыл тұрғындары медицинамен жақсы қамтылмаған. Зерттеулер дамыған елдер арасында бұл теңсіздік ең жоғары деңгейде екенін көрсетіп отыр. Мамандар 11 мемлекетті салыстырған. Олардың ішінде Австралия, Германия, Канада, Франция сынды озық елдер бар. Америкалық жүйенің олқылығы ауылда медициналық қызмет қалаларға қарағанда мемлекеттің қазынасына көбірек салмақ салатынында. Өйткені шалғайдағы мекендерде халық аз болғандықтан сақтандыру тиімсіз. Мамандарды ұстап отыруға да шығын көп кетеді. "Оның үстіне ауылды жерлерде тұрмыс деңгейі төмен болып, тұрғындарда созылмалы аурулар жиі кездеседі" - дейді мамандар. Салдарынан емдеу қымбатқа түсіп, сақтандыру ақталмайды екен.
Оңтүстік Кореяның ауылдық аймақтарында басқа мәселе. Мұнда дәрігерлер жетіспейді. Әсіресе хирург, педиатр және акушер мамандары тапшы. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдер бойынша Кореяда бұл көрсеткіш ең жоғары деңгейде. Халқының қартаюына байланысты 2035 жылға таман 15 мың дәрігер жетіспеуі мүмкін деген болжам бар. Сондықтан билік медициналық жоғары оқу орындарына қабылданатын оқушылар санын көбейткен. Қазір 3 мың болса, келер жылдан бастап 5 мыңға дейін арттырылмақ. Бірақ бұған студенттер қарсы. Себебі олар квоталар санын көбейту білім беру сапасын нашарлатып жібереді деп қорқады.
Кенияда дәрігерлер жетпей жатыр. Оның үстіне дәрі-дәрмек тапшы. Өйткені экономикалық қиындықтар салдарынан денсаулық сақтау саласына жөнді қаржы бөлінбейді. Жақында елде су тасқыны болды. Соның салдарынан ауыз су қоймалары ластанып, тырысқақ пен безгек тез тарай бастаған.
Уилсон Отиено Огола, науқас:
"Мемлекеттік мекемелердің көбінде безгекті емдейтін препарат тапшы. Сондықтан жұрт жеке клиникаларға баруды жөн көреді. Бірақ ондағы қызметтер тым қымбат. Күнін әрең көріп жүрген тұрғындарда ондай ақша қайдан болсын."
Рафахта жалғыз аурухана жұмыс істеп тұр
Таяу Шығыс
Қазір Газа Секторында да жағдай күрделі. Мұнда қарулы қақтығыстан медицина мекемелерінің көбі қирап бүлінген. Мысалы, миллионнан аса палестиналық бас сауғалаған Рафах қаласында бір ғана аурухана жұмыс істеп тұр. Дәрігерлер тапшы. Ал дәрі-дәрмек мүлдем жетіспей жатыр. Соның салдарынан түрлі аурулар өршіп, халық қатты зардап шегуде.