Көптеген елдің валютасы құлдырады

Әлемде көп елдің ұлттық валютасы құнсызданып жатыр.

Саясат пен нарықтағы жағдайға байланысты АҚШ долларының өсімі көп елдің инфляцияға ұшырауына әкеп соқты.

Көршіміз Ресейде рубль бағамы әлі қалыпқа келе алар емес. Ал Оңтүстік Кореяда саяси дағдарыс вона құнын төмендетіп жіберді. 

Оңтүстік Кореяда ұлттық валюта құлдырады. Вона бағамы АҚШ долларына шаққанда 3 пайызға құнсызданып, кейінгі 2 жылдағы ең төменгі деңгейге жетті. Екі күн бұрын 1 АҚШ доллары 1445 вонаға саудаланды. Бұған елдегі саяси дағдарыс әсер еткен. Жергілікті компаниялардың акциялары да әдеттегіден бірнеше есе төмендеді. "Блумберг" сарапшылары мұндай валюталық дағдарыс 2008 жылдан бері алғаш рет тіркеліп отыр - дейді. Бірақ елде жарияланған әскери жағдай алып тасталған соң вона біртіндеп қалыпқа келе бастады. 

Ресей рублінің де кейінгі 2 жылда АҚШ долларына шаққандағы құны тым құлдырап кетті. 2 желтоқсанда сауда биржасында 1 АҚШ доллары 110 рубльдан саудаланды. Көрші елдің валютасының төмендеуіне геосаяси ахуал мен мұнай экспортына қатысты шектеулер әсер етті. Ел үкіметі ұлттық валютаны қолдау мақсатында экспорттық компанияларға валюта түсімдерін рубльге айырбастауды міндеттеді. Ал орталық банк пайыздық мөлшерлемені 21 пайызға дейін көтеріп жіберді. Соның салдарынан инфляция өсіп, тұрмысқа қажеттінің бәрі қымбаттап кеткен.

Александр, Мәскеу қаласының тұрғыны:

- Валюта бағамы тым көтеріліп кетті. Бірақ бізде еш таңдау жоқ. Күнімізді көргіміз келсе, амал жоқ соңғы тиынымзға дейін шығарып азық-түлік сатып аламыз. Бастысы, табыс табуға мүмкіндігіміз бар. 

Татьяна Огушенко, сұлулық салонының қызметкері:

- Рубль құлдырағалы қызмет алушылар қатары азайды. Өйткені жұрт ақшасын тырнағын боятқаннан гөрі, тұрмысқа қажетті зат алғанды жөн көреді. 

Мексикалық песо да құнсызданып кетті. Мексика валютасы 2,15% төмендеп, бір доллар 21 песоға дейін түсті. Сарапшылар мұны АҚШ-тың жаңадан сайланған Президенті Дональд Трамптың Мексика, Қытай және Канададан келетін тауарларға баж салығын енгізу туралы жоспарымен байланыстырады. Мексика билігі бұған қарсы тиісті шаралар қабылдап жатыр. 

Гектор Ортега, экономист:

"Меніңше, бұл елдермен қарым-қатынасқа өзгеріс енгізу, Мексикаға ғана емес, Канадаға да әсер етеді. Бұл одақтас сауда серіктестерімен ынтымақтастық орнатудың тың тәсілі". 

Бразилия

Бразилия валютасы реал да долларға қарағанда бірнеше есе әлсіреді. Жыл басынан оның құны 20 пайызға төмендеп, тарихи минимумға жетті. 30 қарашада 1 АҚШ доллары 6 реалға бағаланды. Мұндай жағдай соңғы рет пандемия кезеңінде, осыдан 4 жыл бұрын тіркелген еді. Бразилия билігі бұған қарсы шұғыл шара қабылдап, шығын көлемін 12 млрд долларға дейін қысқартуды шешті. Яғни ең төмені жалақы мөлшерінің өсіміне шектеу қойып, мемлекеттік қызметкерлерге жоғары жалақы төлеуге тыйым салмақ. 

Әсия Нұрлыбаева