Германия канцлері сириялық босқындарға қолдау білдірді

Германияда еңбек етіп, қоғамға сіңген сириялық азаматтар ары қарай да елде қала беруіне болады.

Осы аптада канцлер Олаф Шольц халыққа үндеуінде осылай деп мәлімдеді. Асад режимінің құлауына байланысты Бундестагтағы депутаттар сириялық босқындарды еліне қайтару мәселесін көтеріп, тіпті депортация жасаудың да мүмкін екенні тілге тиек еткен еді. Осыған байланысты Алманияда бас сауғалап жүрген мигранттар алаңдаушылық таныта бастаған. Бірақ Шольцтің үндеуінен кейін ресми Берлиннің позициясы айқындала түскендей.

Бұл Асад режимі құлады дегенді естіген Берлиндегі сириялықтар. Дені алдыңғы канцлер Ангела Меркель кезінде Алманияға азаматтық соғыстан бас сауғалап келген. Қазір олардың саны миллионға жуықтаған. Түркия мен Ливаннан кейінгі ең көп сириялық босқындар дәл осы Германияны паналап жүр. Алайда олардың қуанышы осы аптада депортация қаупімен араласып, үрейге ұласты. Алдағы сайлауда ұпай жинағысы келген Бундестагтағы партиялар халықты мезі еткен миграция мәселесін желеу етіп, сириялықтарды Отанына көшіруді сөз ете бастады. Жаңадан босқын статусын беруді де уақытша доғарды. Аптаға созылған талас тартыстың нүктесін канцлер Олаф Шольц өзі қоймақ болып, әлеуметтік желіде үндеу жариялады.

X.COM/BUNDESKANZLER

Олаф Шольц, Германия канцлері:

- Біз сириялық босқындардың неміс тілін үйренуіне, мектептерімізде білім алуына, жұмыс істеп, осы елде тамырын терең жаюына көмектестік. Бұл біз үшін зор жетістік. Бүгінгі таңда Германияның тек денсаулық сақтау саласында бес мыңнан аса сириялық дәрігер қызмет етіп жүр. Депутаттар арасындағы кей мәлімдемелер дәл осындай сириялық азаматтардың көңіліне күдік ұялатқанынан хабардармын. Бірақ баршаңызға мынаны айтқым келеді. Германияда еңбек етіп, қоғамға сіңген әрбір шетелдік азамат әрі қарай да елімізде қалуына толықтай құқы бар.

Германия, Берлин

Канцлердің сөзін неміс журналы Der Spiegel де растап отыр. Олардың зерттеуінше қазір Германияның медицина саласында 5758 сириялық дәрігер жұмыс істейді. Ал олардың Сирияға көшірілуі онсыз да маман тапшылығынан қиналып отырған немістің денсаулық сақтау саласына зор салмақ салуы мүмкін.

Санди Иса, сириялық дәрігер:

- «Сирияда Асад режимі құлады дегенде қуанғанымыз рас. Туған жерімізді сағындық. Оралғымыз-ақ келеді. Алайда қазір көшіп баруға жағдай тұрақсыз. Германиядағы сириялық дәрігерлер тобындағы сауалнамада Отанына қайтқысы келгенімен, ондағы ахуалдың жақсарып, тұрақталғанын күтейік дегендердің қарасы қалың. Әзірге кесіп жауап айту қиын болып тұр».

Файзал Шехаде, сириялық дәрігер:

«Менің отбасым, достарым, көршілерім бәрі Германияда. Балаларым неміс мектептеріне барады. Осы жаққа үйреніп қалдық. Әрі Сириядағы жағдай алдағы бір-екі жылдың ішінде тұрақталса, нақты шешімді сол кезде жасармыз деп ойлаймын. Осындағы сириялықтар «қайта азат болған Отанымызға қалай пайдам тиеді» дегенді қаперінде ұстап жүр».

Иордания, Ақаба

Әзірге Сириядағы биліктің қандай болары белгісіз. Осы күндері Иорданияда Германиямен қатар Түркия, АҚШ, Араб және Еуроодақ елдерінің дипломаттары бас қосып, Шамның болашағын талқылауды бастап кетті. Сондықтан шекарасы ортақ Түркиядағы сириялықтарға қарағанда Алманиядағы босқындар әліптің артын бағуды жөн көріп отыр.

Ердана Ержанұлы, Павел Рубан