Кедей елдердің қарызы көбейді
Дүниежүзілік банк мәліметі бойынша әлемдегі ең кедей 26 елдің қарызы кейінгі 18 жылдағы ең жоғары деңгейге жеткен.
Бұл елдердің жылдық табысы жан басына 1145 доллардан аз. Бұл біздің теңгеге шаққанда 500 мыңдай. Сонда айына айлық көлемі 40 мың болады. Әдетте қоғамдағы кедей адамдар санатына күніне 1000 теңгеден артық жұмсай алмайтын отбасылар жатады. БҰҰ бағалауы бойынша әлемде осындай 700 млн адам бар.
Әсіресе Оңтүстік Судан, Орталық Африка мемлекеті, Сомали, Йемен, Ауғанстанда жағдай қиын. БҰҰ өкілдері әсіресе Ауғанстандағы ахуалға алаңдап отыр. Мұнда 8 жыл ішінде кедейлер саны шамамен 5,5 млн адамға көбейген. Сөйтіп, 35 млн халықтың үштен екісі кедейдің кебін киюге мәжбүр.
Оңтүстік Судан - 98%
Сомали - 98%
Орталық Африка мемлекеті - 93%
Йемен - 81%
Ауғанстан - 85%
Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:
- Жыл өткен сайын климаттық жүйенің бұзылуын байқап келеміз. Жаһандық жылыну теңіздегі су деңгейінің жоғарылауына әкеліп, табиғи апаттар күшейді. Инфрақұрылым бұзылды. Адамдар барынан айырылды. Бұл оқиғалар экономика мен халықтың әл ауқатына тікелей әсер ететін факторлар.
Еуропа елдерін қымбатшылық қысты
Кейінгі жылдары табиғи апаттардың жиілеуі тек кедей елдерді емес, дамыған елдерді де қыспаққа алды. Жылдан жылға қымбатшылық алқымнан алып, күнделікті ішіп-жемнің бағасы мен коммуналдық төлемдер өсіп, халықтың қалтасына айтарлықтай салмақ салды. Экономикасы әлдеқайда тұрақты Еуропада жыл басынан бері сары майдың бағасы қымбаттаған. Словакияда 49%, Германия мен Чехияда 40%-ке дейін өскен. Сарапшылар мұны «депрессиялық инфляция» деп атады. Бұған елдегі құрғақшылық себеп. Салдарынан, сүт өнімінің мол қоры азайған. Мәселен қазір Франциядағы кондитерлік цехтардың көбі, сары майдың орнына маргарин қосатын болған.
Арно Дельмонтель, аспаз:
- Сары майдың бағасы қыркүйектен бастап өсіп жатыр. Қазір бағасы келісіне шамамен 10 еуродай. Ал қыркүйекте 8 еуро болатын. Қазір круассандарды маргариннен әзірлеуге мәжбүрміз. Негізі нағыз круассандар сары маймен жасалуы тиіс.
Аргентинада 5 млн адам жоқшылықта өмір сүреді
Қымбатшылық қысқан елдің бірі - Аргентина. Жүздеген отбасы тегін тамаққа зәру. Елдегі кедейлік деңгейі шамамен 53%-ға жетті. Бұл - Хавьер Милей Президенттікке кіріскен алғашқы алты айдағы нәтиже. Бұған дейін көрсеткіш 41,5%-ды құраған. Былтыр желтоқсан айынан бері Милей көлік, жанармай және энергетикалық субсидияларды қысқартқан. Сондай-ақ инфляцияны төмендету және мемлекеттік шығындарды азайту үшін мыңдаған мемлекеттік қызметкерді жұмысынан босатты. Мемлекеттік статистика агенттігінің бағалауынша, елде 5 млн-нан астам адам жоқшылық зардабын тартып отыр. Ал инфляция деңгейі тамыздан бері 230% -ға жетті. Бұл - әлем бойынша ең жоғары көрсеткіш.