Қытай Орталық Азия елдерімен байланысты тереңдетуге мүдделі 

Қытай Орталық Азия елдерімен байланысты одан әрі тереңдетуге ниетті.

Қазір «Бір белдеу, бір жол» экономикалық жобасына басымдық беріліп отыр. Бұл туралы Ташкенттегі Орталық Азия халықаралық институтында Қытайдың Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Юй Цзюн айтты. Дипломаттың пікірінше, Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим өзгелерге қарағанда ерте енгізілді. Бұл мәңгілік көршілер арасындағы татулық пен стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін көрсетеді - деді ол. 

Былтыр Қытай мен «Бір белдеу-бір жол» жобасына қатысушы елдер арасындағы тауар айналым 3,7 трлн долларға жетті. 110 мемлекетті байланыстыратын ауқымды бағдарламаның Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан үшін маңызы зор. Ресми Астана бұл жобада Азия мен Еуропаны жалғап отырған транзиттік әлеуетке ие.     

Юй Цзюн, Қытайдың Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Қытай мен Қазақстан визасыз режимді Орталық Азия елдері ішінде бірінші болып қабылдады. Бұл көп нәрсені меңзесе керек. Біз бәріміз бір аймақта тұрмыз. Болашақ стратегиямызды байланыстыратын біріккен жобаларымыз көп. Сондықтан біздің Қазақстанмен де, Өзбекстанмен де жалпы Орталық Азия елдерімен орнатылған байланысымыз жаңа деңгейге көтерілеріне сенімдімін.

Жиынға қатысушылар 2025 жылы Қазақстанда өтетін Орталық Азия-Қытай саммитінің маңызына да тоқталды. Мемлекет басшыларының осы тектес мазмұндағы кездесулері елдер арасындағы байланыстарды нығайтуға септігін тигізбек. 

Носиржон Юсупов, Орталық Азия халықаралық институтының бас ғылыми қызметкері: 

- Қазір әлемде көрші елдер бір-бірімен тығыз байланыс орнатуға мүдделі. Себебі онсыз ешқандай экономика алға жылжымайтынын уақыт көрсетті. Мәселен қазір Қытай мен Өзбекстан арасында тауар айналым 13 млрд долларға жетті. Ал егер Қытайда қандай да бір мәселе болып қалса, ол біздің экономикаға сөзсіз әсер етеді.

Халықаралық институт Қытайдың ғылыми зерттеу орталықтарымен біріккен жобалар жасауға мүдделі. Тараптар бұл бағытта тізе қосып жұмыс істеуге келісті.

Дулат Нуркин