Көкпекті ауылының тұрғыны мемлекеттік грантқа кәсіп ашты

Абай облысында ауыл тұрғындары мемлекеттен қолдау алып, кәсіп бастап жатыр.

Биыл 203 адам мемлекеттен қайтарымсыз грант алды. Қазір әрқайсысы өз ісін дөңгелетіп отыр.

Солардың бірі Көкпекті ауылының тұрғыны Жанна Жәбекова. Кәсіпкер ауылда тігін цехын ашып, жастарды қолөнерге баулып жүр.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Жанна Жабекованың тігін цехы осы. Қазір шебер кәсібін дөңгелетіп отыр. Оның қолынан шыққан ұлттық киімдер мен той жабдықтарына қазір сұраныс жоғары. Бүгінде кәсіпкер мектеп оқушыларын қолөнерге баулып жүр. 

Жанна Жәбекова осыдан он бес жыл бұрын ауыр жол апатына түсіпті.  Сол кезден бері арбаға таңылған. Тағдырдың тауқыметін тартса да жақсыдан үміт үзбегенін айтады. 2015 жылы  мемлекеттен 3 млн грант алып, тігін цехын ашқан.

Жанна Жәбекова, кәсіпкер:

- Мүгедектігі бар болсын, болмасын әр адам өзінің сүйікті ісімен айналысуы керек. Өз ісіне жанының бір бөлшегін салса, ыждаһатпен жұмыс істесе нәтижеге жететіні анық. Мен басымнан өткерген дүниелерден кейін осындай ой түйдім.

Кішкентай кезінен мата қиып, қолөнермен айналысуды жаны қалайтын Жанна бүгінде сүйікті ісін кәсібіне айналдырған. Қолөнер шебері халқымыздың ұлттық киімдерімен қоса, түрлі оюмен өрнектелген көрпе тігеді. Кәсібінен бөлек қыздарға тегін үйірме ашқан. Қазір мұнда 16 оқушы бар.

Нузар Мұқашева, оқушы:

- Мен осында болашақта келе беремін. Өйткені маған өте қатты ұнайды осы жерге келу. Осында ары қарай келе беремін, өйткені мен болашақта өзіме керек заттарды үйрене аламын.

Абай облысы бойынша 2024 жылы 203 адам мемлекеттен қайтарымсыз грант алған. Олардың 36-сы мүгедектігі бар адамдар. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен шамамен 300 млн теңге қаражат бөлінген.

Еркебұлан Тұрсын, еңбек мобилділігі орталығының директоры:

- Биылғы жыл енді өздеріңіз білесіздер, еңбекші мамандықтар жылы. Басым бағытта осы кәсіпкерлеріміз бен жобаларды қатыстыруға шақыратын боламыз. 2025 жылы 204 адамға грант беруді жоспарлап отырмыз. Жалпы сомасы облыс бойынша 320 млн қаражатты қайтарымсыз гранттарға бөлетін боламыз. 

Жанна Жәбекова қазір сүйікті кәсібінің нәсібін көріп отыр. Оның қолынан шыққан бұйымдарға бүгінде сұраныс артқан. Он саусағынан өнер тамған шебер енді кәсібін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов