Суретші Алпысбай Қазығұлов коллекция жинаумен айналысады
Алпысбай Қазығұлов – 50 жылға жуық шығармашылық ғұмырында 8 мыңнан астам туынды жазған суретші. Оның еңбектері шетелде сұранысқа ие. Қылқалам шебері сурет салумен қатар коллекция жинаумен айналысады. Жеке қорында әлемге танымал өнер шеберлерінің 3 мыңға тарта картинасы бар.
Алпысбай Қазығұлов сурет өнерінің жауһарларын жинаумен 35 жыл бойы айналысып келеді. Оның мұрағатында көптеген танымал классиктердің еңбектері бар. Арасында 100 жыл бұрын салынған картиналар кездеседі. Коллекция жинауға Ким Кузнецовтың Арал көлі бейнеленген жұмысы түрткі болған. Себебі суретшінің өзі сол аймақта туып-өскен. Бай мұрағатында сан алуан тақырыптағы шығармалар табылады. Коллекциясында Әбілхан Қастеевтің, Сабыр Мәмбеевтың және шетелдік қылқалам шеберлерінің туындылары кездеседі.
Алпысбай Қазығұлов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
- Таудың қойнауынан алтын тауып алған сияқтысың. Сонысымен қызық. Өзімнің шығармашылығымнан бөлек олармен де айналысамын. Ол маған қызық, мысалы. Қаншама картина жинадым. Соларға қараймын, сол суретшілер қалай жұмыс істеді. Өзімнің жұмыстарыммен салыстырамын. Қол астымда тұр ғой. Соларға қараймын. Солардан үйренемін.
Автор туындыларынан суретшінің жан тебіреністерін, көркем әлемін тамашалауға болады. Ол суретшілік қырынан бөлек, көңіл күйдің әсем көріністерін өзіндік шеберлікпен үйлестіреді.
Алпыспай Нығметұлының дара қолтаңбасы бар. Аспен мен жер сериясында суретші қазақтың дархан даласын, халық болмысын, аспан мен кеңістікті сан алуан бояумен керемет кесіндей біледі. Әр туындысында тылсым мен құпия, адамды ерекше әсерге бөлейтін сыр жатады.
Суретші өмірге өнердің көзімен қарайды. Сезінгенін сезімнің сүзгісінен өткізіп, көргенін сөзбен емес, суретпен сипаттайды. Әсіресе «Аталарым» тақырыбындағы шығармалары әсерлі. Мұнда сағым дала, қазақ халқының салты, бәйге мен көкпар, көшпенді өмір көріністері көркем бейнеленген. «Өнерде үнемі ізденіс пен қажырлы еңбек ету керек», – дейді суретші.
Алпысбай Қазығұлов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
- Соның арқасында, міне, осы қазір соңғы кездер өзімніңі жазған жұмыстарыма, еңбектеріме риза боламын. Ол енді мен өзім жасадым. Осыны мен тастап кетемін. Бұл халықтың интеллектуалдық байлығы. Халықтың байлығы бұл. Түсінетін халық бұны түсініп алады. Осыны іздейтін адамдар болады.
Алпысбай Қазығұловтың қылқаламынан туған шығармалар шетелде де сұранысқа ие. Ол Еуропа елдерінде, Кытай, Жапония мен Түркияда өтетін сурет көрмелері мен мәдени іс-шараларға тұрақты түрде қатысады.
Авторлары: А. Садуақас, С. Жұмабаев.