«Бахар» телехикаясы «Хабар» арнасынан көрсетіледі

Түркияның былтырғы телемаусымында рейтингі жоғары болған телехикая енді «Хабар» арнасынан көрсетіледі. Талғампаз көрермен асыға күтетін «Бахар» туындысының танымалдығы күн сайын артып келеді.

Қазақ көрермендерін нағыз түрік киносенсациясы күтеді. Фильм бір сәтте Ыстамбұлдың шуақты көшелеріне алып келеді. Онда біз алдынан шыққан қиындықтарға мойымай, өз армандары үшін күресуші басты кейіпкермен танысамыз. Туыстас жұрттың көрермені бұл фильмді орта жасқа келген әйелдің өмірін көрсететін трагикомедия деп сипаттайды. Түрік әйелдері арасында бұл туынды үлкен танымалдылыққа ие.

Ежем Өзкая, актер (Ренгин):

- Бахар тарихы мені қатты толқытты. Ол әр көрерменге ерекше әсер ететін кейіпкер дер едім. Фильм адамды күлдіртіп тұрып жылатады. Жылатып тұрып таңғалдырады.

Хасан Шахинтүрк, актер (Реха):

- Телехикая көрерменнің жүрегіне жетуі үшін барымызды саламыз. Түркиядағы көрсеткіштер фильм біздің талғампаз көрерменнің көңілінен шыққанын көрсетіп тұр. Десе де біз мұнымен шектелмейміз. Әрбір бөлімде сіздерді тосын сый күтіп тұр.

«Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді». «Бахар» телехикаясының мазмұны нәзік әйелдердің отбасы үшін жанпидалық әрекеті мен арманы арасындағы күрес жайлы. Oқиғаның мазмұны терең және әсерлі етіп берілген. Өлім аузынан аман қалған Бахардың өмірге көзқарасы өзгереді. Әйел өзінің ұстанымдарын зерделеп, жіберіп алған мүмкіндіктердің орнын толтыру керек деп шешеді.

Алиса Сезен Север, актер (Умай):

- Мен үшін бұл рөл – үлкен жауапкершілік. Бахардың тағдыры мені терең ойландырды. Телехикаяда 16 жасар қызды сомдаймын. Қиын емес. Бірақ бойжеткен қыздың психологиясын енді түсінгендеймін.

Ердал Ваниван, атқарушы продюсер:

- Телехикаяны барынша шынайы көрсетуге тырыстық. Мәселен, аурухана сахналарын осында түсірдік. Ыстамбұлдың бірқатар әсем жерлерін таңдадық. Жұмысыңды сүйіп жасасаң, міндетті түрде нақты нәтиже болатынын осы телетуындымен түсіндік.

«Бахар» – өткен жылы ғана эфирге шыққан жаңа сериал. Дегенмен қазірдің өзінде әлем бойынша көп қаралым жинап, халықтың ықыласына бөленген фильм. Ыстамбұлдың Босфор жағалауларына сапар шеккісі келетін көрермен «Хабар» арнасынан осы туындыны 6 ақпаннан бастап көре алады.

Авторы: Меруерт Қанағат.