Аида Балаева: 2025 – идеологиялық тұрғыда атаулы жыл
Биыл елімізде 2000-ға жуық мәдени іс шара өтеді. Жобалардың мәнді әрі мазмұнды ұйымдастырылуына баса мән берілмек, деп хабарлайды 24kz.
Алдағы ауқымды істің басында ұлт пен ұлысты ұйыстырған Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, Жеңістің 80 жылдығы мен Конституцияның 30 жылдығы тұр. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы сынды аңыз тұлғалардың мерейтойлары аталып өтіледі. Міндетті межелермен бүгінгі алқа отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бөлісті. Ведомствоо басшысы шаралар формальді түрде өтпеу керектігін еске салды. Әр жиынның тағылымы терең, мәні өзекті болуына назар аударуға тапсырма берді. Аида Балаева цифрландыру мәселесіне де тоқталды. Жақында онлайн-платформа іске қосылып, оған Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандықтар туралы ақпарат жиналады. Бұл платформа барлық пайдаланушылар үшін қолжетімді болады.
Министрлік мәдени мұраларды сақтау бастамасы аясында «E-museum» веб-порталы іске қосылмақ. Нәтижесінде Қазақстан музейлерінің виртуалды желісі жасақталады. Бұл жоба тарихи-мәдени мұраларға 3D-модельдеу технологиясын қолдану арқылы онлайн-қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Цифрландыру медиа кеңістіктің ашықтығын арттырып, азаматтарға жылдам әрі сапалы ақпаратты қамтамасыз етіп, жалған мәліметтермен күресуде маңызды. 2024 жылы онлайн-платформаларда заңсыз контенттің 67 мыңнан астам фактісі анықталды, оның 18 мыңнан астамы жойылды. Министр әріптестерін жаңалықтар ағынына бақылау жасап, тексерілмеген ақпараттың таралуына жол бермеуге шақырды, сондай-ақ заңсыз контентпен күресудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Әбілхан Қастеев атындағы мұражай мен Мемлекеттік орталық мұражайға «Ұлттық» мәртебе берілді. Сонымен қатар өткен жылы бірқатар қазақстандық мәдениет қайраткерлері халықаралық деңгейде өнер көрсетті. Өнердің өзегіне айналған кино саласын да дамыту ұдайы назарда. Президент қол қойған заңға сай енді мемлекеттік қаржыландырудың кемінде 30%-і «Қазақфильмге» бағытталады.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Енді елде түсірілетін фильмдерді қаржыландырудың кемінде 30%-і тікелей «Қазақфильмге» бағытталады. Бұл жерде ерекше атап өткім келетіні – мемлекеттен бөлінетін әр тиынның есебі, сұрауы бар. Сондықтан бұл қаражат сараптаудан өткен лайықты туындыларға ғана бөлінеді. Және кино түсіруге ниетті азаматтар өз жобасыны мен қаржысының белгілі пайызын алып келсе, «Қазақфильм» тарапынан қалған қаражатын бөліп, бірлесе жұмыс істейді. Яғни, мемлекет қаржысын қайтару үшін екі тарап та мүдделі болады.
Министрлік қолға алған тағы бір маңызды міндет – шығармашылық индустрияны дамыту. Бұл бағытта таяуда арнайы қор жұмысын бастайды. Елімізде тағы 8 шығармашылық орталықты ашу жоспарлануда. Аида Балаева инфрақұрылымды жаңарту туралы да айтып өтті. Өткен жылы 255 мәдениет нысан жөндеуден өтті. Тағы 45-інің құрылыс жұмыстары аяқталды.