«TURAN» этнофольклорлық ансамблі жаңа жоба ұсынды
«TURAN» этнофольклорлық ансамблі түркі әлемін дүр сілкіндірген «TAMYR» жобасын ұсынды, деп хабарлайды 24kz.
Ансамбль түркі халықтарының мифологиялық дүниетанымын заманауи музыкалық-театрландырылған шоу арқылы көрсетті. Бірегей бағдарлама Еркеғали Рахмадиев атындагы Мемлекеттік академиялық филармония залында ұсынылды. Музыкалық кеште көрермен түркітілдес халықтардың музыкалық аспаптарының үнін тыңдап,түркі дүниесінің тарихына саяхаттады. Концертте ансамбль қазақ халқының музыкалық аспаптарымен қатар қырғыз, өзбек, әзербайжан, түрік, түрікмен, мажар халықтарының да ұлттық музыкалық аспаптарында ойнады.
Серік Нұрмолда, «TURAN» этнофольклорлық ансамблінің мүшесі:
- Бүгінгі жобаның бірегейлігі – бір сахнада әртүрлі аспаптардың бас қосуы. Түркі халықтарының аспаптары. Тағы бір бірегейлігі – бес-ақ адам 55 аспапта ойнайды. Үшіншіден, бұл, әрине, шоу бағдарлама. Себебі сахнада 40-тан аса адам түрік халқының мифологиясына сүйене отырып, бірегей уникалды түрде мазмұн айтады. Біз бұл концертте он шақты түркі халықтарының шығармаларын орындадық. Бұл түркі халықтарының тарихи тұрғыда болсын, мәдени тұрғыда болсын, рухын білдіретін шығармалар.