«Арамызда Стамбұл» комедиясы прокатқа шықты

Tiger Films продюсерлік компаниясы киносүйер қауымға тағы бір жаңа фильмді ұсынды.

«Арамызда Стамбұл» романтикалық комедиясының  алғашқы көрсетілімі Алматыда орналасқан Орталық Азиядағы ең ірі кинотеатр –  HALYK IMAX Kinopark 16-да өтті.

Романтикалық комедия екі жастың арасындағы махаббат хикаясы төңірегінде өрбиді. Қарапайым отбасынан шыққан қыз, Стамбулда ірі кәсіпкердің ұлымен танысады. Жігіт өзінің ауқатты жанұядан екенін бойжеткеннен жасыруға мәжбүр болады. Себебі, өзі ұнатқан қыздың ауқатты жанұяда тәрбиеленген жігіттерді ұнатпайтынын біледі. Басты рөлдердің бірін көрерменге қылмыстық драмалар арқылы танылған Рауан Ахмедов сомдайды.

Рауан Ахмедов, актер:

- Маған айтты «бұл комедия, Рауан сен комедияны ойнап жатсың, можно утрировать, кішкене ойыныңды өзгерт деп». Замечаниелер болды. Бірақ режиссер болған соң мен тыңдадым, ол кісілердің айтқаны дұрыс, потому что режиссер барлығын көреді, барлығын біліп жүретін кісілер.

Фильмнің түсірілімі Қазақстан мен Түркияның көрікті жерлерінде өтті. Картинадан сырлы Стамбұл мен жүздеген әуе шары көкке көтерілетін әйгілі Каппадокия аймағын көруге болады. Ауқымды жобаны жүзеге асыруға Еуразиялық банк қолдау көрсетті.

Ғазиз Ермеков, Еуразиялық банктің төрағасының орынбасары:

- Еуразиялық банк Тайгер фильммен кинопарк компанияларымен бірлесе отырып, екі жылдан бері осы креативті индустрияны бірге дамытып, қолдап келе жатыр. Біздің Қазақстанымыздың креативті индустриясы болашағы өте зор және маңызды деп ойлаймын.

 Фильм барысында көрермендер шиеленіскен қызықты оқиғаларды тамашалай алады. Жігіттің шындығы ашылғанда махаббат хикаясы қалай аяқталады? Білгіңіз келсе, бүгіннен бастап еліміздегі Kinopark және Kinoplexx кинотеатрлар желісінде көрсетілетін «Арамызда Стамбұл» комедиясын тамашалаңыз.

Гүлжан Көленқызы, Радик Джакупов