Ресейде «Рэкетир» фильмінің тұсаукесері өтті

Мәскеуде Ақан Сатаевтың «Рэкетир» фильмінің үшінші бөлімі таныстырылды, деп хабарлайды 24kz.

Кинотуынды 13 ақпанда ТМД елдерінің бірнеше мемлекетінде бір уақытта үлкен экранда көрсетіледі. Сондай-ақ осы айда Ресей кинотеатрларында аты аңызға айналған қазақ батыры «Қажымұқан» фильмі де көрерменге жол тартады.

Мәскеуде «Рэкетир» фильмінің жаңа бөлімінің тұсаукесері өтті. Кештің басты қонақтары – режиссер Ақан Сатаев пен басты рөлдерді сомдаған актерлер. Олар туынды туралы көрерменге өздері таныстырды. Фильм осыған дейін де Ресейде үлкен сұранысқа ие болып, 1 млн 200 мың доллар көлемінде табыс әкелген болатын. Осылайша, ол қазақстандық кинематографияның айрықша брендіне айналды.

Ақан Сатаев, режиссер:

- 13-інен бастап Ресей мен ТМД елдерінде кең прокатқа шығамыз. Бұл біздің киноиндустриямыз үшін үлкен қадам. Картинамыздың бір мезетте бірнеше елде көрсетілуі қазақстандық кинематография тарихындағы айтулы оқиға. Мұндағы басты мақсатымыз – отандық киноның көрерменге қолжетімділігін арттыру. Бүгін сол мақсатымыз орындалып отыр. Бұл – біз үшін зор жетістік әрі үлкен мақтаныш.

Кейінгі жылдары қазақстандық фильмдерге қызығушылық артып келеді. Кино мамандары осылай дейді. Десе де, ресейлік көрермен тарапынан сұраныс аз ба, көп пе оны болжау қиын.

Өйткені көрермен талғамы, бәсеке және нарықтағы өзгерістер фильмнің жетістігіне тікелей әсер етеді.

Роман Исаев, Ресей кинотеатрлар қауымдастығы кеңесінің мүшесі:

- Ресейде ТМД фильмдерін кең ауқымда көрсету жүйесі әлі толық дамымаған. Дегенмен, кейбір туындылар белгілі жетістіктерге жетіп отыр. Мысалы, «Пейіш» фильмі шамамен 450 млн теңгедей жинады. Бұл кез келген ресейлік картина үшін тамаша нәтиже. Алайда, Қазақстанда сәтті шыққан «Дәстүр» фильмі Ресейде небәрі 31,5 млн теңге жинады. Бұл аса жоғары көрсеткіш болмаса да, елеулі қадам. Болашақта ТМД фильмдерінің көрермен ықыласына бөленіп, табысы артатынына сенеміз.

Қазақстан Ресейге тек толықметражды фильмдерді ғана емес, сапалы сериалдарды да тұрақты түрде экспорттап келеді. Отандық жобалар ресейлік онлайн-платформаларда кеңінен таралып, көрермен арасында жоғары сұранысқа ие.

Евгений Кочетов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:

- Қазақстандық сериалдар Ресей телеарналары мен платформаларында өз орнын тапты. Біздің кинематографистер қазақ мәдениеті мен ұлттық болмысты шынайы әрі тартымды етіп жеткізе алады, сондықтан ол халықаралық аудиторияға да қызық болып отыр.

Цифрлық платформалар қазақстандық комедия жанрына сұраныс жоғары екенін көрсетеді. Сондай-ақ қазақстандық продюсерлер мен ресейлік онлайн сервистердің бірлесіп жұмыс істеуі жаңа жобаларға жол ашары анық.

Авторы: Динара Орынтай