«Хабар» арнасында «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясы қайта көрсетіледі

«Хабар» телеарнасының 30 жылдығына орай көрермендерге сүйінші жаңалығымыз бар. Тұңғыш отандық «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясы жақында көрерменмен қайта қауышады. Қазақ кино тарихында телехикая жанрын қалыптастырған көпсериялы жоба әлі де көптің есінде.

90-жылдар Қазақстанның киноиндустриясының тоқырау кезеңі еді. Соған қарамастан ТМД-да болмаған телехикая жанрын игеріп, оны көрерменге телеэкран арқылы көрсету, расында, үлкен ерлік болды. Ағылшын киномамандарының бастамасымен түсірілген жаңа туынды алғашында актерлер үшін де тосын формат еді. Алайда көп ұзамай «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясы миллиондаған көрерменнің көзайымына айналып үлгерді.

Жанна Қуанышева, актриса:

- Біз кино алаңында үзіліссіз жұмыс істедік. Демалыс алып, басқа жаққа кетуге мүмкіндігіміз болмады. Ал егер кететін болсақ, сюжеттен алып тастап, қайта қосу қиын болатын. Ол үшін тағы бір оқиға ойлап табу керек еді. Сондықтан бес жыл бойы бар күш-қуатымызды сарқып жұмыс істедік.

«Тоғысқан тағдырлар» ол жәй телехикая емес, бұл – тұтас бір дәуір. Кейіпкерлер экран арқылы адамдар арасындағы қарым-қатынастың, өмірде жасаған әрбір таңдаудың маңыздылығын көрсете білді. Көрермен оған сенді. Себебі, Омаров пен Платоновтар әулеті төңірегінде өрбіген оқиға әр отбасында кездесетін еді. Көрерменді экранға жіпсіз байлаған да осы.  

Бақытжан Әлпейісов, актер:

- Алғыспен еске аламын. Бұл біздің тележобамызды көрмеген жұрт кемде-кем болар. Біздің елімізде... Сондықтан айтар бұл алғысымыз шексіз, бастаған адамдарға, ұйымдастырған адамдарға. Әсіресе, есімде, ең алғашқы продюсер, марқұм болған сол жылдары, марқұм болып кеткен Халықбек Салықовты қалай еске алмасқа 30 жылдан кейін?!

««Тоғысқан тағдырлар» телехикаясы әлі де маңызын жойған жоқ», - дейді актерлар қауымы. Олар сағынышқа айналған сәттерге қайта оралып, фильмді аса зор қызығушылықпен көруге дайын.

Гүлнар Досматова, актриса:

- «Тоғысқан тағдырлар эфирден қайта көрсетіледі дегенде қатты қуандым. Бұл фильм ұмытылды, мұрағатта, тарихта қалды деп ойлайтынмын. Бірақ қанша жыл өтсе де әуені көрерменнің құлағында, кейіпкері көз алдында. Маған көрген жерде: «Осы сериалмен бірге ер жеттік, анам мен апам жақсы көруші еді», деген сөздерді жиі айтады. Мәдениетіміздің үлкен олжасын қайтадан экранға шығарып жатқан «Хабар» агенттігіне рақмет. Фильм арқылы сол сәттерді қайта бастан бастан өткеру мен үшін керемет сезім.

«Тоғысқан тағдырлар» телехикаясы 10 ақпаннан бастап дүйсенбі мен жұма аралығында кешкі сағат 22.45-те «Хабар» телеарнасынан қайта көрсетіледі.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон