М. Мақатаевтың 94 жылдығына арналған поэзия кеші өтті
«Ең бірінші бақытым – халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің», – деп өз бағасын білген Мұқағалидың өлеңдерін білмейтін қазақ кем. Кеше жампоз ақынның туған күні еді. Осыған орай елордада поэзия кеші өтті. Кешті ұйымдаструшылар – біздің арнаның жүргізушілері Әлия Шермағамбет пен Дастан Мүрсәлім.
Жиылған жұртшылық ақынның өзі жазған күнделігінен естеліктер тыңдап, алапат жырларынан сусындады. Кешті қолдауға белгілі музыкант Кеңес Әлімжан арнайы келген.
Дастан Мұрсәлім, журналист:
- 15 күн бұрын Мұқағали атамыз менің түсіме енді. Түсімде атамыз маған өзінің шекпенін жауып жатыр екен. Ұйқыдан тарс оянып, осы кешті ұйымдастыру ойыма келді. Еске алайық, өлеңдерін оқиық, әндерін шырқайық деп халықпен бірге. Өзі де айтады ғой: Бозарып тұрып ақ таңда, бозарып тұрып ақпанда, есіңе мені алғайсың. Әріптесім Әлия Шермағамбет екеуіміз басқа да әншілердің қатысуымен кеш ұйымдастырып жатырмыз.