Қазақстандық өнерпаздар Сингапурдағы әйгілі мәдени шоуға қатысты
Сингапурдағы салтанатта әлем қазақ мәдениетін тамашалады, деп хабарлайды 24KZ. «Астана Опера», Қазақ ұлттық өнер университеті және Қазақ ұлттық хореография академиясының әртістері осы аралда өткен әйгілі Чингэй шоуына қатысты.
Бұл мәдени шара алғаш рет Сингапур мемлекетінің негізін қалаушы Ли Куан Ю-дің бастамасымен 1973 жылы ұйымдастырылған. Сол уақыттан бері әлем теледидар арқылы осы кереметті тамашалайды. Биылғы шоу Сингапур тәуелсіздігінің 60 жылдығына арналды. Қазақстандық әртістердің Чингэй шоуына қатысуына Сингапурдағы Қазақстан Елшілігі мен сингапурлық инвесторлар мұрындық болған.
Сұлтанбек Ғұмар, «Астана Опера» балет труппасының солисі:
- Астана Опера театрының әртістерін дайындап әкелген болатынбыз, балет әртістерін. Сол кеште Қазақстан «Той бастар» атты шығарманы көрсетеді. Ол шығармада қазақ халқының ұлттық ойындар мен рухани байлығын заманауи бағытта көрсетеміз. Қазақ халқының бай мәдениетін көрсете аламыз деген үміттеміз.
Тэн Мэ Линг, Сингапур инвестициялық компаниясының аға кеңесшісі:
- Мен Қазақстанда екі рет болдым, маған өте ұнады. Онда керемет адамдар мен әсем жерлер көп. Чингэй парадына қатысып, қазақ мәдениетін Сингапурда таныстыруға көмектесу – мен үшін үлкен мәртебе. Мұндай мәдени алмасулар елдеріміз арасындағы жақсы қарым-қатынасты көрсетіп, ынтымақтастығымызды нығайта түседі.