Ресей академиялық жастар театры Қазақстанға келді
Ресейдің академиялық жастар театры гастрольдік сапармен қазақ жеріне келді, деп хабарлайды 24KZ. Өнер ұжымы алғаш рет Алматыдағы Наталья Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театры сахнасында спектакль қойды.
Театрдың биылғы жылға арналған халықаралық гастольдік туры Қазақстаннан басталған. Мәскеулік әртістер алматылық өнерсүйер қауымға «Томасина» және «Свои люди – сочтемся» спектакльдерін ұсынды.
Наталья Сац 1921 жылы Ресей академиялық жастар театрын құруға атсалысқан. Ал 1937 жылы жолдасы халық жауы атанып, бірге қамалады. Бостандыққа шыққан соң Қазақстанға жер аударылып, 1944 жылы Алматыдағы осы театрдың ашылуына көп еңбек сіңірді. Сондықтан мәскеулік театр биылғы гастролін дәл осы өнер ордасынан бастаған. Ресейлік әртістер жазушы Пол Гэлликоның «Томасина» спектаклін сахналады.
Александра Ловянникова, режиссер:
- Алматылық көрермен спектакльден керемет әсер алғанын анық сездік. Мысалы, кейіпкеріміз сүйіктісіне ұсыныс жасаған кезде өнерсүйер қауым ерекше ықылас танытты. Әртістеріміз аздап таңғалды. Талғампаз алматылық өнерсүйер жұртшылыққа жұмысымыздың ұнап жатқаны қуантады. Бізді дәл осындай қошемет шабыттандыра түседі.
Екінші спектакль – Александр Островскийдің «Свои люди – сочтемся» комедиясы. Екі қойылым кезінде де зал толы болды. Бұл өнер ұжымының Ресейден тыс гастролдік туры. «Биылғы алғашқы аялдама қазақ жері болды», – дейді әртістер. Әу баста Лермонтов атындағы театрда өнер көрсетпек болған. Кейін кеңесе келе Наталья Сацтың рухына тағхым етеміз деп шешкен.
Кирилл Рыбкин, Ресей академиялық жастар театры директорының орынбасары:
- Біздің репертуар Наталья Сац атындағы театрдың техникалық мүмкіндігіне қарай әзірленді. Біз, әрине, көп дүние көрсеткіміз келеді. Әрине, бір келгенде оның бәрімен бөлісу мүмкін емес бар. Театр жөндеуден өтеді деп естіп жатырмыз. Содан кейін тағы келеміз деп жоспарлап отырмыз.
Ресейлік театрдың гастролдік бастамасы мемлекеттер арасындағы мәдениет пен өнерді ұштастаруды көздейді. Ал қазақ әртістерінің Ресейге мәдени сапары күзге жоспарланған. Қыркүйекте Наталья Сац атындағы театр Мәскеу сахнасында өнер көрсетеді.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Сұлтан Бейсекенов.