Бүгін – Халықаралық кітап сыйлау күні
Бұл мереке 2012 жылдан бері аталып келеді және пайда болу тарихы да қызық. Эмми Бродмур есімді қарапайым Америка азаматының бастауымен осы күнді әлеуметтік желіде жан-жақты насихаттаудың арқасында бүгінде халықаралық деңгейде танылған екен, деп хабарлайды 24kz.
Бұл күн кітапқа деген сұранысты арттырудың керемет мүмкіндігі деуге болады. Жалпы қазір кітап оқуды жастар арасында сәнге айналдыру үрдісі көп байқалады.
Мөлдір Молдағали, тілші:
- Қоғамда кітап оқу мәдениеті жылдан жылға дамып келеді десек қателеспейміз. Қазір қайда жүрсеңіз де, кітап оқуға мүмкіндік көп. Әсіресе, ірі қалаларда жастарды кітап оқуға баулитын ерекше концепциялы орындар ашылып жатыр.
Яна Ким, мейрамхана әкімшісі:
- Осындай орынды ашуымыздың негізгі мақсаты – адамдарға мәдени және рухани демалыс сыйлау. Олар осында отырып, түрлі жанрдағы кітаптарды оқи алады. Сонымен қатар адамдардың кітап оқуға деген ынтасын көтеру және оны сәнге айналдыру мақсатында түрлі акциялар ұйымдастырамыз.
Мұнда келгендер өзара кітап алмасады. Яғни, өзің оқыған туындыны өзгеге ұсынсаң, ол да саған кітап береді. Немесе артық кітапты осында қалдырсаң, тегін кофе іше аласыз. Қазір мұндағы сөрелерде 2 мыңнан астам кітап жиналған. Мұндай орындарға, әсіресе, жастар үйір.
Бексұлтан Абуов, Астана қаласының тұрғыны:
- Маған осы кітабы бар орындар өте қатты ұнайды. Біздің Астанада бұл қарқынды түрде дамып келе жатыр. Себебі мен өзім көп уақытымды кофейняларда өткіземін. Кофейняға кірген кезде бірден осындай кітаптар көзіме түседі.
Тұрақты келушілерге жаңа кітап сыйлау да дәстүрге айналған. Ал кітапсүйер қауым үшін одан асқан сыйлық жоқ екені белгілі.
Ақерке Нұрланқызы, Астана қаласының тұрғыны:
- Кітап бергенді, кітап алғанды мен өте қатты жақсы көремін. Сыйлықтың көкесі деп айтар едім, осы кітап алуды. Көптеген кісіге мен негізінде сыйлықты кітап ретінде бергенді жөн көремін.
Халықаралық кітап сыйлау күні ресми мерекелер қатарына енгеніне көп уақыт өтпесе де, көпшілік арасында танымал боп барады және біз кітап ең бағалы сыйлық деген қорытындыға келдік. Осы атаулы күнді пайдаланып, мен де өзімнің жеке кітапханамнан әріптесіме кітап сыйлағым келіп тұр.