Алматыда «Сахара Сандуғашы» кітабының тұсаукесері өтті
Биыл белгілі диктор, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Сауық Жақанова 80 жасқа толып отыр, деп хабарлайды 24kz.
Соған орай Алматыдағы Ұлттық кітапханада диктордың өмірі мен еңбек жолына арналған «Сахара Сандуғашы» атты кітаптың тұсаукесері болды. Салтанатты іс-шарада, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылып, ықылас гүлі табысталды. Сауық Мәсіғұтқызы ұзақ жылдар «Қазақ» радиосында еңбек етіп, сан мыңдаған тыңдарманның сүйіктісіне айналды. Кітапта дара туған дарын иесінің өнері, әуезді үні, таза болмысы жайлы замандастары, әріптестері мен шәкірттері сыр шертеді.
Сауық Жақанова, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі:
- Қазіргі медиа саласында жұмыс істеп жүрген журналистер, еңбеккерлер. Өздері сөйлеп жүрген адамдардың барлығы мені ұстазым санайды. Сол менің бақытым.
Таңсұлу Асанова, «Сахара Сандуғашы» кітабын құрастырушы:
- Бұл кітапта Сауық Мәсіғұтқызының өнердегі шығармашылығы. Сосын көп халық диктор ретінде жақсы білгенімен, ол кісінің бала Сауықты, бойжеткен Сауықты, келін болған сәті, әже болған сәтін біле бермейді ғой. Сондай сәттері туралы өзінің замандастарының да естеліктері бар.