Қазақ өнерпаздарының Париждегі концерті аншлагпен өтті

Париждің ұлттық музейінде қазақ және француз халық музыкасының концерті аншлагпен өтті, деп хабарлайды 24KZ. Көрермендер «Отырар сазы» оркестрі мен франциялық скрипкашы Фредерик Жоуанненің концертін тамашалап, халқымыздың бай мұрасынан сусындап қайтты.

Ұлы Дала жауһарлары Париж төрінде. Төрт ай бойы Қазақстанның ұлттық көрмесі Гимэ музейіне келушілерді таңғалдырып, тамсандырып келеді. Ауқымды іс-шараның бір бөлігі ретінде француз тыңдармандарына ерекше концерт ұйымдастырылды. «Отырар сазы» оркестрі мен француз скрипкашысы Фредерик Жоуанне екі елдің ұлттық өнерін қалың көрерменге паш етті.

Фредерик Жоуанне, «Les Vibrants Défricheurs» оркестрінің скрипкашысы:

- Мен үшін музыканы жай ғана орындап қоймай, оны спектакль форматында ұсыну өте маңызды. Ол ерекше атмосфераға бөлеп, ұмытылмас әсер қалдырады. Концерт пен көрменің бір ғимаратта өтуі Қазақстан мәдениетінің бай әрі әр алуандылығын көрсетеді.

Қазақтың халық әндері мен француз шығармалары бір-бірімен астасып, бірге өріліп жатты. «Адай» күйінде скрипканың дыбысы қаншалықты үйлесім тапса, қобыз бен домбыраның үні де норманд әуендерінде дәл солай үндесті. 

Сауалнама:

- Мен Қазақстанға барып, оның шексіз даласын көргім келеді. Халқы өте қонақжай көрінеді. Ал музыканың ырғағы өте әдемі. Орындаушылар кез келген аспапта ойнай алатындай.

- Бүгін бірінші рет қазақ музыкасын тыңдадым. Маған өте ұнады. Әуендер эмоцияға бай, ырғақтары әртүрлі. Сыртқы пішіні гитараға ұқсаған қазақтың көне аспабы қатты ұнады.

Іс-шара ұйымдастырушыларының айтуынша, концертке билеттер әп-сәтте сатылып кеткен. Ол Қазақстан ұлттық көрмесімен байланысты.

Венсан Бильре, Гимэ ұлттық Азия өнері музейінің әкімшісі:

- Қазір музейге келушілер саны өте көп. Оған Қазақстан ұйымдастырған көрме себеп. Соңғы екі жылда Гимэ музейіне келушілер саны айтарлықтай артты. Бүгінгі концертке 200-ден астам адам жиналды, олар қазақ-француз музыкасын тыңдады.

Кеш аяқталған соң көрермендер әртістерді ұзақ уақыт қол шапалақтап, қошемет көрсетті. Кейін қонақтар Қазақстан туралы танымын кеңейту мақсатында көрме экспонаттарын тамашалауға асықты.

Авторлары: Алия Сыздыкова, Руслан Омиржан.