«Қазақстан ұлттық пантеоны» кітабы жарық көрді
Бүгін елордада «Қазақстан Ұлттық пантеоны» атты тарихи-танымдық кітаптың таныстырылымы өтті.
Мемлекеттік және ресми тілдердегі басылымның әрқайсысын мың данадан «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы шығарды. Жоба жетекшісі мемлекет және қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев.
Өткен жылы отандық көмірсутегі өндірушілері қазақ мұнайының 125 жылдығын атап өткен еді. Мерейлі мерекеге орай "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы қара алтынды қауғамен тартып, түйемен тасымалдаған уақыттан бергі аралықты қамтитын кітаптың тұсаукесерін өткізді. Ұлттық пантеонымыздың мазмұны мен мәнін ашатын 125 тарихи тұлға туралы танымдық бірегей басылым шығарып, дүйім жұртқа ұсынды.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Жалпы осы Қазақстанның өсіп өркендеуіне, оның тәуелсіздігіне үлес қосқан тұлғалардың барлығы негізінен қамтылған. Сондықтан бұл кітапты біздің тұлғатануға қосылған, тәуелсіздігімізді тұғырлы еткен тұлғаларымызды ұлықтауға арналған үлкен еңбек деп бағалауға болады.
Ұлттық компанияның кітап шығарудағы басты мақсаты – тәуелсіздікті дәріптеу. Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап өткен азат ел болу мәртебесін көру – бүгінгі ұрпаққа бұйырған зор бақыт. Жанкештілікпен елімізді қорғаған батырларымызды, ұшан-теңіз білімімен халықтың санасын оятқан парасат иелерін бір сәтке де естен шығармауымыз қажет.
Дархан Мыңбай, мемлекет және қоғам қайраткері:
- Бұл жерде тек мұнай саласында еңбек еткен тұлғалар ғана емес, жалпы Қазақстанға белгілі тұлғалар. Қазақтан шыққан тұңғыштар деген жеке тарауы бар. Ол кез келген азамат үшін үлкен білім.
Мұнай - табиғи байлық болса, тарихи тұлғаларымыз – адами байлық. Қос құндылықтың өзара байланысына ерекше көңіл бөлген "ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясы өскелең ұрпаққа арнап осы еңбекті шығаруды басты әлеуметтік міндеті деп біледі. Қалың кітап ішінде тұлғалардың артында қалған өмірлік өнегесі мен өсиеті дәріптеледі.
Мирлан Алтынбек, Мұрат Әріпханов, Ислам Махамбет