Алматыда ЮНЕСКО-ның жаһандық жастар форумы өтті

Алматыда ЮНЕСКО қауымдастықтары мен клубтарының 2025-2030 жылдарға арналған жастар жол картасы қабылданады.

Аталған құжат ЮНЕСКО-ға мүше 94 елдегі 5 мыңнан астам ұйымды қамтиды. Енді белсенді жастар өз елдеріндегі ішкі және сыртқы стратегиялық даму бағыттарын айқындап, оларды шешу жолдарын шетелдік әріптестерімен бірлесіп қарастырады. Осы арқылы жастардың мүмкіндіктерін кеңейту көзделген. Бұл мәселе ЮНЕСКО қауымдастықтары мен клубтарының Бірінші Жаһандық жастар форумында талқыланды. Жиынға 60-қа жуық елден 150-ден астам өкіл қатысуда. Әр елден жиналған белсенділер жастардың құқықтарын кеңейту, жасанды интеллектіні тиімді пайдалану мәселелерін сөз етті. Сондай-ақ цифрлық технологияларды қолдану, туризмді дамыту, климаттың өзгеруі, инклюзия және көркемдік білім беру тақырыптарында пікір алмасты.

Мұхаммед Эльфарнавани, ЮНЕСКО-ның Африкадағы басымдықтарды үйлестіру бөлімінің директоры:

- ЮНЕСКО жастармен жұмыс істеу бойынша бірнеше бастаманы жүзеге асырып жатыр. Біздің мақсат – жастарға білім беру арқылы олардың көшбасшылық қабілеттерін дамыту. Бүгінгі іс-шара менің сөзімді растайды. Форум аясында көптеген пікірталастар өтеді, оның ішінде жастарды білім, ғылым, мәдениет, жасанды интеллект  технологиясы сынды салаларға тарту жолдары айтылады.