Алматыда «Мені тауып алшы» спектаклінің тұсаукесері өтті
ASSYLTAS театры алматылық өнерсүйер қауымға жаңа қойылым ұсынды, деп хабарлайды 24KZ. Спектакль «Мені тауып алшы» деп аталады. Драма тастанды балалар тақырыбын қозғайды. Қойылымда жетім тағдыр, анаға деген мәңгілік сағыныш суреттеледі.
Бекарыс пен Ақмарал балалар үйінде өседі. Бекарысты анасы туа салып тастап кеткен. Ал Ақмаралдың анасын әкесі көзалдында өлтіреді. Тағдыр таныстырған екі жас кейін отбасын құрады. Бірақ олардың өмірі өздері ойлағандай болмайды. Үнемі қоғамнан теперіш көреді. Айналасындағылар бұларды балалар үйінде өскендер ұрлықшы, нашақор болады деп қорлайды. Ал шын мәнінде олардың ешқандай жазығы жоқ еді. Тіпті жас жігіт біреудің жаласын арқалап, түрмеге отырып шығады. Режиссер Елік Нұрсұлтан осы күрдеі мәселені қозғай отырып, көпшілікке ой салғысы келген.
Елік Нұрсұлтан, спектакль режиссёрі:
- Қоғамда өршіп тұрған жігіттердің қыздарды алдап кетуі, сондай бір жалғызбасты аналардың көптігі, жалпы осындай бір келеңсіз жағдайлардан сол болашақ адамның, тұлғаның тағдырына балта шабады. Сол себепті осындай нәрселер болмасын деген ниетпен жирендіреміз ғой режиссер ретінде. Біздің айтпағымыз осы.
Пьесаны жазған Мәдина Омарова. Қойылымда басты рольдерді театр артистері Қасым Демеу мен Жанаргүл Жаныаманова ойнайды. Ал олардың ата-анасын Салтанат Бақаева, Кенжебек Башаров, Алмас Шаяхметов сомдайды.
Жанаргүл Жаныаманова, театр артисі:
- Ақмаралдың ең басты мәселесі – ол ата-анасының, әсіресе анасының оған қалдырып кеткен қорқынышы. Содан өлердей қорқады, ешкімге сенбейді. Анасын өмір бақи іздейді. Оны тауып алғанын қалайды және де ол психологиямен айналысады.
Тастанды бала, көкек ана, жауапсыз әке. Бұл қазіргі заманның көкейкесті мәселесі. Қазіргі жастар екеуара қарым-қатынасқа келгенде барлығын екшеп барып отбасын құрғаны дұрыс. Мұндай жанұяда өмірге келген бала бақытты болып ержетеді. «Біз осы отбасы құндылығын айтқымыз келді», – дейді театр артистері.
Алмас Шаяхметов, театр артисі:
- Жетімдер жайында. Мына қоғамға үйрене алмай, көптеген опық жеп және көп жерде өздерінің айтатын ойын жеткізе алмай, көп жерде тасада қалып қалады. Жасыратыны жоқ. Сондықтан бұл енді қоғамда бар дүние болғандықтан, қолдан келгенше ASSYLTAS театрымен қалың көрерменнің назарына ұсынып жатқан жайымыз бар.
Махаббат пен сағыныш, адамгершілік пен зұлымдық, өмірге құштарлық пен одан баз кешу. Осының бәрі драмада қатар суреттеледі. Театр ұжымы «Мені тауып алшы» спектаклін Алматыда ғана емес, облыс орталықтарында қоюды жоспарлап отыр. Жыл аяғына дейін ел аралап қайтпақшы.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев