Алматы облысында «Биік сезім» атты жаңа романтикалық комедияның түсірілімі басталды
Алматы облысында «Биік сезім» атты жаңа романтикалық комедияның түсірілімі басталды, деп хабарлайды 24kz.
Оқиға бойы аласа жігіт пен бойшаң қыз туралы. Картинаның басты рөлдеріне танымал актерлерден өзге жас таланттар да тартылған.
Аршын Кемелжан, тілші:
- Романтикалық комедияның түсірілімі Қаскелең қаласында басталды. Әр жоба алдында ыдыс шағу киногерлердің бұлжымас заңы. Биік – аласа бойлы пысық жігіт. Өзінің жеке компаниясы бар. Бірақ қалыңдық іздеуде бір жолы болмайды. Оқыс көлік апатына түсіп, Сезім атты волейболшы қызбен танысады. Оқиға осылай өрбиді. Киноға кәсіби волейболшы қыздар да түсіп жатыр. Сондықтан спорттық сахналар көп.
Фарида Мәулен, «Ару-Астана» волейбол клубының ойыншысы:
- Түсірілім барысында бізге арнайы сценарий өзгертілді. Бізге қарай бейімделді. Соған өте қуаныштымыз. Үлкен рақмет, бізге осындай мүмкіндік беріп жатқанына. Бірінші рет түсіп жатқаннан кейін қобалжу бар. Бірақ та бізге ұнап жатыр бүкіл процесс.
Комедияда басты кейіпкерлерді Ерлан Пірімбетов пен Аружан Бекболат ойнайды. Ал, танымал актер Тәуекел Мүсілімге бұл жолы жағымсыз кейіпкердің рөлі тиіпті. Режиссер екі жастың арасындағы қарым-қатынасты баяндай отырып, қоғамдағы кейбір келеңсіз жайтты да көрсетеді.
Тәуекел Мүсілім, актер:
- Данияр деген кішкене алаяқ жігіт. Қыздармен танысып, қыздарды ақшаға, қарызға кіргізіп, ақыр соңында алдап кетеді. Енді қазір қоғамымызда сол нәрсе, бұл тақырыпта көп жағдай болып жатыр. Соны бізде кино арқылы көрсетейік деп және болашақта қыздар ондай нәрсеге алданбасын деп соны кинода көрсетіп жатырмыз.
«Биік сезім» фильмінің премьерасы 26 маусымға жоспарланған. Романтикалық комедия Kinopark & Kinoplexx кинотеатр желісінен көрсетіледі.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев