Жапондық домбырашы Акира Такегучи күйші Секен Тұрысбековпен кездесті
Жапондық домбырашы Акира Такегучи дәулескер күйші Секен Тұрысбековпен кездесті.
Ол нағыз күйшімен жүздесу үшін сонау күншығыс елінен Алматыға арнайы келді. Жапон жігіті Қазақстанның мәдениетін жетік білгісі келеді. «Маған қазақтың қара домбырасының құлағында ойнау аздық етеді. Енді қазақ тілін үйренемін» дейді.
Акираның қазақ халқына деген құрметі ерекше. Домбыраны алғаш естігенде, үні баурап алды,-дейді. Міне 8 жылдан бері оның жан серігі қазақтың қара домбырасы. Секен ағаны да сырттай таниды. Арманы кәсіби күйшімен кездесу болған. Оның домбыра шерту техникасын ғаламтордан қарап, әбден зерделеген. Бірақ көзбе-көз жүздесіп сабақ алғысы келген. Міне сәті түсіп дәулескер күйші-композитормен «Көңіл толқынын» бірге орындады.
Секен Тұрысбеков жапондық домбырашыны "Ақ жауын" мемлекеттiк камералық оркестрiмен таныстырды. Оркестр алыстан ат арылтып келген жапон жігітіне бірнеше шығарма орындап берді. Секен Тұрысбековтің өзі де күншығыс елінде талай мәрте өнер көрсеткен. Концерт кезінде «Көңіл толқыны» мен «Ақ жауынды» бірнеше рет қайталап тартқан кезі болған. Оның айтуынша, домбыраны шетелдіктер сүйіп тыңдайды. Акирадай болмаса да француз, қытай, үйғыр ұлтының арасында домбыра мен сыбызғы тартатындарды талай кездестірдім, дейді.
Секен Тұрысбеков, күйші-композитор:
- Бұл енді аударманы қажет етпейді ғой күй. Оған көкірек көз, құлақтың саңылауы керек. Сондықтан бұл кісілердің жаңағыдай қазақтың үніне, жаңағы бояуына, қоңырлығына құштар боп жүргені біздерді әрине қуантады.
Жапон жігіті домбыраны алғаш рет Түркияға барғанда көрген. Кейін сонда 4 жылдай тұрып, студент қазақ жігітінен домбыра шертуді үйренеді. Қазір репертуарында «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын» сияқты 20- дан астам күй бар.
Акира Такегучи, жапондық домбырашы:
-Қазақстан маған ұнайды.Қазір Алматыда тұрып жатырмын. Салт-дәстүрін, мәдениетін жақсы білуі үшін қазақ тілін үйренгім келеді. Ал Секен Тұрысбеков кәсіби музыкант. Менің репертуарымда бірнеше күйі бар. Мен де музыкантпын. Аспаптарды ырғағын, даусын жақсы ажыратам. Бұған дейін скрипкада түрік музыкасын орындағам. Бірақ домбыраның сиқырлы үні бәрінен асып түсті. Екі ішектің құдіреті шексіз. Тіпті Жапонияда бір музыкалық байқауда Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін орындап жеңімпаз атандым. Әзірге Алматыда боламын. Домбыраға қатысты білмегенімді Секен Тұрысбековтан сұрап тұруға келістім.
Акира Такегучидің Секен Тұрысбековпен кездесуіне Хабар агенттігінің тілшілері ұйытқы болды. Енді ол Халық артисі Айгүл Үлкенбаевадан шеберлік сабағын алғысы келеді. Әзірге ол демалыс күндері Алматының арбатында өнер көрсетіп жүр. Бір қарағанда қазақтан айырмасы жоқ. Тек мына жазуды көргенде оның жапондық екенін аңғаруға болады. Онда «Мен Жапонияданмын. Қазақ мәдениетін өте қатты жақсы көремін» деп жазып қойған.
Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов