«Тоғысқан тағдырлар» телехикаясы қайта көрсетіліп жатыр
«Хабар» агенттігінің 30 жылдығына орай «Тоғысқан тағдырлар» атты драмеди-сериал цифрлық форматта көрерменге қайта ұсынылып жатыр. Әр кадрдың сапасы жаңартылып, дыбысы күшейтілді. Бірақ ел есінде қалған телехикаяны кім қалай жасады?
Азаттық алған тұста Британ үкіметі қазақстандық телеарнаға қолдау көрсетуді ұйғарғаны есте. Сол кезде Лондоннан Алматыға мамандар арнайы жіберілген еді. Отандық медиаға жаңа дем беруге кіріскендердің бірі – Катя Краусова. Ұлыбританияның сериал түсірудегі тәжірибесін жергілікті мамандарға 1 жылда үйретіп, өндіріс өрге басты. Бразилиялық сабын операларына дағдыланған қазақстандықтар осылайша өз өмірлері туралы түсірілген «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясын көрді.
Катя Краусова, продюсер:
- Телевизиялық фестивальдердің бірінде бұл сериал тіпті бас жүлдені жеңіп алғаны есімде. Қазылар алқасының президенті, белгілі журналист Владимир Познер Ресейде жоқ телехикаяны қалайша Қазақстанда түсірдіңіздер деп таңырқады. Мен сонда бұл британдық озық технологияны меңгерген үлкен ұжымның еңбегі деп жауап бердім.
Ел еңсесін енді тіктеп жатқан кезеңде кедергілер көп болды. Рубльден теңгеге ауысқан тұста халық жиған-тергенінен айрылып, банк салымдарына деген сенімі жоғалды. Ұлттық банк басшылығының өтініші бойынша сериал бөлімдерінің бірі осы тақырыпқа арналып, тура бір айдан кейін жағдай түзелді. Салымшылар банкке ақша сала бастады.
Катя Краусова, продюсер:
- Бұдан да бөлек көп мысалдар келтіруге болады: білім беру, шағын бизнес, отбасылық проблемалар. Олар туралы лекция оқығаннан гөрі сценарийге енгіздік.
Катя Краусова 4 жыл Алматыда тұрған. Әлі күнге дейін телехикаяның шығармашылық және техникалық тобымен әлеуметтік желілер арқылы хабарласып тұрады. Словакияның тумасы, Ұлыбритания азаматы бүгінде режиссер ретінде деректі фильмдер түсіріп жүр. Келешекте «Тоғысқан тағдырлардың» жалғасы таспаланса деп армандайды.
Катя Краусова, продюсер:
- Телехикая кейіпкерлерінің 30 жылдан кейінгі өмірі кім-кімге де қызық болар еді. Әрине, сол актерлердің басын қайта қосу мүмкін болған жағдайда. Сондай-ақ Қазақстанның 34 жылда жеткен жетістіктері жайлы да айтуға болады. Мен «Хабардың» ең үздік телеарна болып қала беруін тілеймін.
«Тоғысқан тағдырлар» 1996-2000 жылдар аралығында эфирге шықты. Барлығы 465 бөлімнен тұрады. Ресми деректерге сүйенсек, оны елімізден бөлек, Ресей, Өзбекстан және Қытайдан жалпы 60 миллион адам көрген. Телехикая дүйсенбі мен жұма аралығында кешкі сағат 22:45-те «Хабар» телеарнасынан көрсетіліп жатыр.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.