Лондонда Орталық Азияның көктем фестивалі өтті

Көктем фестивалі Ұлыбритания астанасында тойланды, деп хабарлайды 24KZ. Лондон орталығында сахна құрылып, Орталық Азия өкілдерінің қатысуымен концерт өтті. Түркітілдес халықтар ұлттық өнері мен бай мәдениетін шетелдіктер алдында паш етті.

Лондонның қысы жұмсақ, көктемі ерте келеді. Аспан әдеттегідей ала бұлтты. Бірақ оған қарамастан көпшіліктің көңіл күйі көтеріңкі. Түркітілдес халықтар бір-бірін көріп мәре-сәре.

Араларында Ұлыбританияға қыдырып келген отандастарымыз да бар. Студент балаларымен бірге көктем мерекесіне қатысты.

Мақсұтқажы Шәкен, зейнеткер :

- Менің балам «Болашақпен» Уорик университетіне келіп түсті. Банкте топ-менеджер болып істейді балам. Болашақпен келіп түскеннен кейін мен баламды қолдау үшін келдім. Бүгін мынау Лондонға, мынау Ұлыбритания мемлекетінің Корольдігіне, мынау университеттің басшыларына көп алғыс айтқым келеді. 

Іс-шара ұйымдастырушылары – Лондонда білім алып жатқан қазақ және өзбек студенттерінің қауымдастығы. UCL университеті саябақтан арнайы орын бөліп, қауіпсіздікке жауапты қызметкерлермен қамтамасыз етті. Сондай-ақ техникалық жағынан көмектесіп, сахна орнатып берді. 

Даниал Асқарғалиев, қазақ студенттері қауымдастығының президенті:

- Осы мейрамның басты мақсаты шетелдік студенттерді біздің Орталық Азия және Қазақстанның мәдениетімен таныстыру болып келеді. Сондықтан да біз әрбір жылы осы Наурыз мерекесін өткіземіз. Студенттердің көпшілігі ораза ұстағандықтан, біз осы жылы Наурыз мейрамын ертерек өткізіп жатырмыз. 

Далада өзбек және тәжік ағайындар палау басса, басқа ұлт өкілдері қолөнер бұйымдарының көрмесін өткізді. Қазақстандық дизайнерлердің тақиялары мен әшекей бұйымдары келушілердің көңілінен шыққандай. Шетелдік достарына естелікке кәдесыйлар беріп жатқан отандастарымыз да бар.

Клод Корин, студент:

- Бүгін маған Қазақстанның символикасы бейнеленген екі шыны саптаяқ пен шоколад сыйлады. Тәттінің дәмін татып, шай ішемін. Елдеріңізде әзірге болмадым. Бірақ мен үшін жаңа мәдениетті танып-білу әрдайым қызықты.

Өзбек, әзербайжан, түрікмен, ауған халқы ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп келе жатқан мәдени мұраларымен де таныстырды. Қазақтар да ұлттық құндылықтарын ұлықтап, өнерден кенде емес екендігін көрсетті. Ешқайсысы кәсіби әртіс болмаса да, домбырамен күй тартты, әндерді нақышына келтіріп орындады. Кішкентай өнерпаздар да қалыс қалмады.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.