Марат Омаров Голливудта концерт берді

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші, композитор Марат Омаровтың Голливудта концерті өтті.

«Анашым», «Жан гүлім», «Алғашқы махаббат» сынды әндерімен халықтың жүрегін жаулаған сазгердің Лос Анжелестегі ән кешінде оның көптеген шығармалары орындалды. Концертке Калифорнияда тұратын қазақ диаспорасының өкілдерімен қатар өзге де штаттардағы жерлестеріміз арнайы барды. 

Ескірмейтін есті әндер, анаға деген махаббат, Отанға деген сағыныш, жастық шақтың жарқын сәттері. Марат Омаровтың Лос Анжелестегі кешіне жиналғандардың жанарынан осындай түрлі сезімдер байқалды. Соңғы жылдары АҚШ-та тұрып жатқан композитор тыңдарманына «Sunshine», «Miami», «Hello America», «Қазақстан Америка» сынды жаңа әндерін ұсынды. Репертуарындағы кей әндер ағылшын тіліндегі нұсқада шырқалды.

Марат Омаров, әнші, композитор:

«Біріншіден мұхиттың ар жағында концерт қойып, мынау әрбір өнерпаздың арманы ғой. Мына Голливудта, Голливудтың сахнасында, бұл кішкентай кезімнен арманым болған, әрине. Енді қырық жылдай еңбек етіп, Қазақстанда бірнеше шәкірт тәрбиелеп, соның, халықтың батасының арқасында деп ойлаймын осы Голливудқа ізім түсіп, арнайы, жай Голливуд емес, Лос-Анджелес, Калифорния штатының нағыз жүрегінде концерт беріп, киелі сахнада мақсат сол жастарды болашақта шығару өзіммен бірге. Яғни достық көпірін салу.»

Марат Омаров «Әнші балапан» әнін жазып, талай жастың жұлдызын жағуға себепкер болғанын көпшілік біледі. Кеште сазгердің қызы Бибі Мариям жетекшілік ететін «Мариограф» би тобы, шәкірттері Асанәлі мен Аруай, нигериялық әнші Ричард Диджи өнер көрсетті. Айгүл Иманбаева, Динара Қайырқожа сынды қазақ эстарадасының жұлдыздары маэстромен бірге ән шырқап көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.  

Айгүл Иманбаева, әнші, актриса:

«Жырақта, елден шалғай жүрген қазақтар өзінің тілін, ділін, өнерін, салт-дәстүрін ұмытпасын деген үлкен ниетпен, осы концертті тарту етті деп өзім ойлаймын. Себебі келген көрермендерден білуге болады. Барлығы рахаттанып, үлкен бір қуанышты мерекеде, өзінің елінде отырғандай, үлкен кісілер ауылды сағынып, елді сағынып, көзіне жас алып отырған үлкен апаралымыз болды».

Шолпан Бөрлібекова, көрермен:

- Көңіл-күйіміз тамаша. Марат Омаров аңыз адам ғой, АҚШ-та аз ғана уақыт болса да, осы жақта шыққан әндерінің баршылық екенін біліп, тіптен қуандық. 

Рита, көрермен:

- Кей әндердің сөзін түсінбесем де, алған әсерім керемет. Өзім әртүрлі музыканы тыңдаймын. Бүгін қазақ музыкасымен таныстым. Енді Қазақстанға барсам ба деген ой келе бастады. 

Динара Қайырқожа, әнші:

- Марат ағаның әндерін тыңдап өстік. Өнеріне тәнтіміз. «Алғашқы махаббат», «Анашым» әнін білмейтін қазақ кемде-кем. Елден жырақта жүрген соң, осы әндерді аңсап тұратынымыз рас. Бүгін бірге айтып, марқайып қалдық.

Марат Әбдіұлы АҚШ-та шығармашылықтан бөлек қоғамдық жұмыспен де белсенді айналысады.Осындағы қазақ диаспорасының бірлігіне сеп болу үшін «Алға Қазақстан» бірлестігін құрған. Наурыз, Республика күні сынды мерекелерде бас қосып, ұлттық мәдениетімізді дәріптеуге ат салысып жүр. Ал Голливудтағы концерт енді Майами, Вашингтон, Нью-Йорк қалаларында жалғасын таппақ.

Ердана Ержанұлы, Бақдәулет Әлментай