Өзбекстанда туып өскен атақты қазақ суретшісінің көрмесі Алматыда өтеді

Өзбектің Гогені атанған атақты қазақ суретшісі Орал Таңсықбаевтың 120 жылдығына орай Алматы қаласында автордың үлкен көрмесі ұйымдастырылады. 

Рухани іс-шараның басталуы 19 наурызға жоспарланған. Алматылық көрермен 10 күн бойы қазақ суретшісінің еңбектерін тамашалай алады. Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде өтетін көрмені, Өзбекстанның мәдениет пен өнерді қолдау қоры ұйымдастырып отыр. Қазір суретшінің Ташкенттегі мұражайында қызу дайындық жұмыстары жүріп жатыр. 

Дулат Нуркин, тілші:

- Шәкәрім Құдайбердіұлының Қалқаман Мамыр поэмасына Мұхтар Әуезов 1938 жылы либретто жазады. Операдағы Мамырдың рөлін би падишасы атанған Шара Жиенқұлова сомдайды. Ал сахнаны безендіру үшін Өзбекстан ССР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері шақырылады. Ұлты қазақ, бірақ Өзбекстанда туып өскен ол суретшінің есімі Орал Таңсықбаев еді.

Ташкенттегі Орал Таңсықбаев мұражайында абыр сабыр. Франциядан келген бір топ реставратор атақты суретшінің картиналарына әр беріп, Алматыдағы көрмеге дайындап жатыр. Жүздеген еңбекті тасмалдау да оңай шаруа емес. Мамандар суреттердің бүлінбей, аман есен жетуіне көмектеседі.

Патрисия Вержес, суретші реставратор /Франция/:

- Суретші классика, халықтық өнер, батыс еуропалық авангард үлгілерімен жұмыс істеп, әсем табиғатты қылқалам қуатымен көрсете білді. Мен оның жұмыстарын атақты Матистің еңбектеріне ұқсатам. Тіпті екеуінің арасында бір тылсым байланыс бар сияқты. Бұл оның ерекше стильді суретші екеніне тағы бір дәлел.

Өзбекстанда туып өссе де, қазақ суретшісі көк жайлауды, әсем табиғатты шебер бейнелеген. Атақты Әбілхан Қастеевпен етене араласқан. Оны мына естелік суреттерден де байқауға болады.

Станислав Хашимов,  реставратор:

- Реставратор автордың сурет салған  кездегі көңіл күйін сезіне алады. Оның бояу таңдауда, суретке рең беретін сиялары, бәрі бәрі бізге анық байқалады. Мысалы, Орал Таңсықбаевтың еңбектерінен өзге суретшілерде кездеспейтін, ерекше стильді байқауға болады. Ол көк аспанның шексіздігі мен табиғат ананың бейнесін шебер көрсете білген.

Орал Таңсықбаевтың Алматыдағы көрмесі 19 наурызда ашылып, 1 сәуірге дейін жалғасады. Көрермендер автордың жүзге жуық картинасын тамашалай алады. Шараны Өзбекстанның мәдениет пен өнерді қолдау қоры ұйымдастырып отыр. 

Дулат Нуркин