«Ақтау - түркітілдес елдердің мәдени астанасы» жылы аясындағы шаралар жалғасты
«Ақтау - түркітілдес елдердің мәдени астанасы» жылы аясындағы шаралар жалғасып жатыр.
Қалада «Дархан дала» этноқалашығы ашылды. Алаңға қырыққа жуық киіз үй тігілді. Ертең осы жерде халықаралық шараның салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Этноқалашықтағы 7 ауылдың бірі «Шеберлер» ауылы деп аталады. Мұнда қазақ, өзбек, қырғыз, түрік елінің қолөнер шеберлері көпшілікке шеберлік сағатын өткізуде.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Күллі түркі әлемінің назары Маңғыстаудың орталығы Ақтауда. Қарт Каспийдің жағалауына зәулім сахна қойылып, киіз үйлер қалашығы бой көтерді. Қазақтың, қала берді түркі тілдес бауырлас мемлекеттердің бай мәдениетін, салт-дәстүрін әлемге дәріптейтін мәдени шаралар «Дархан дала» атты өнерпаздар көшімен басталды.
Шеруге бір мыңнан астам өнерпаз қатысты. Арасында түрік, әзербайжан, өзбек, қырғыз елінің өкілі бар. Суық жаңбырға қарамастан мәдени шараны тамашалаған көпшіліктің қарасы қалың. Әсіресе «Шеберлер» ауылында ағаштан, темірден түйін түйген қолөнершілердің шеберлік сабағына қатысушы көп болды.
Шавкат Хамрохождаев Ташкенттің тумасы. Айтуынша, есімі Өзбекстанға танымал әкесі жастайынан қолөнерге баулыған. Ата кәсіппен 15 жылдан бері қол үзбеген шебердің бұл Қазақстанға алғашқы сапары.
Шавкат Хамрохождаев, қолөнер шебері /Өзбекстан/:
- Әкем түркітілдес елдердің қолөнершілері бауырлас Қазақстанда бас қосады деді. Осындай маңызды шарадан қалыс қалуға болмайтынын айтып, өзім жасаған бұйымдарды алып баруымды өтінді. Қазір көпшілікке ағаштан жасалған кәдесыйларды түрлі-түсті бояумен сырлау жұмысын көрсетіп жатырмын.
Нұрнияз Мұханов, мәдениет саласының ардагері:
- Мен өзім мәдениет қызметкері болған кезімде «Түрік елінің мәдени астанасы» деп 5 рет болғанында қатыстым. Мынау Түркістанда, Марда, Шекиде, Әзербайжандағы Бакуде, осы мінекей Ақтауда. Біздікі өзімізге ыстықтау болғасын ба, ерекшелеу сияқты.
«Дархан дала» этноқалашығы «Суын айғыр», «Жеті Қайқы», «Шерқала» секілді бірнеше ауылдан тұрады. Сән-салтанаты келіскен әр ауыл өзіндік бағдарламасымен ерекшеленеді. Шетелден келген делегацияларды киіз үйлерге жайғастыру, қазақтың салт-дәстүрімен таныстыруға 30 аудармашы және 100 волонтер жауапты.
Нұртас Сали, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасының басшысы:
- Жалпы осы шаралардың барлығына 1200-ге жуық әртістер жұмылдырылған. Оның ішінде 125 әртіс шетелдік қонақтар және түркі елдерінен келген өнерпаздар. Ертең ашылу салтанатында түрлі деңгейдегі мәдени шаралар жоспарланған оның ішінде концерттік бағдарламалар, театр қойылымдары, дрон шоуы жоспарланған. Және шараның соңында отшашумен аяқтайтын боламыз.
Алдағы екі күнде өлке меймандары мәдени-көпшілік шаралардан бөлек шаһардың көрнекті жерлерін аралап, Маңғыстаудың киелі орындарына зияраттап барады. Айта кетсек, ауқымды шараны әлемге насихаттау мақсатында Ақтауға түркі тілдес мемлекеттерден бұқаралық ақпарат өкілдері де келді.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев