Батыстың балғын дарыны Бакуді бағындырды
Батыс қазақстандық жас дарын Бакуде өткен халықаралық байқаудан олжалы оралды.
Сырым ауданы Қадыр Мырза Әлі атындағы орта мектептің 4 сынып оқушысы Айзере Ғазимова жуырда Әзірбайжанда өткен «Баку Арт» фестиваліне қатысқан еді. 200-дей қатысушы арасында Айзеренің өнерін қазылар алқасы жоғары бағалапты. 9 жастағы әнші өзінің дара даусымен ерекшеленіп, Гран-приді жеңіп алыпты. Халық әні «Самалтауды» орындаған жас талант болашақта даңқты жерлесіміз Димаш Құдайбергеновтей әлемге танымал әнші болғысы келетінін айтады.
Айзере Ғазимова, жас әнші:
- Мен вокалды ұнатамын. Қазақша өлеңдер ұнайды негізінде. Самалтау, сосын «Саған халқым-ай» деген өлең бар. Маған негізінен Димаштың репертуары ұнайды. Сондықтан «Самалтау» әнін таңдадық. Мен оған ұқсағым келеді.