Ақтау жағажайында қазақтың ұлттық ойындары көрсетілді
Каспий жағалауында 3 сәуірден бері халықаралық шара өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Бүгін кешкі сағат 7-де «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының салтанатты ашылу рәсімі болады. Ауқымды мәдени шараны 30 мың адам тамашалайды. Арасында Түркия, Әзербайжан, түрікмен, қырғыз және өзбек елінен келген туристер бар. Көпшілік қазақтың бай мәдениетімен етене танысып, ұлттық ойындардан сайысқа түсті.
3 сәуірден бері түркі әлемінің назары Ақтауға ауды. Орталық жағажайға екі сахна тігіліп, зәулім этноқалашық бой көтерді. Мәдени-спорттық шаралар таңғы сағат 10-нан бастап кешкі 21:00-ге дейін жалғасып жатыр. Қазақы киімдегі көпшілік асық ату, бестас секілді ұлттық ойындарда сынға түсті. Шетелдік туристер келін түсіру, құда күту секілді салт-дәстүрімізге тәнті болды.
Шахлат Мацыфаева, Хорезм қаласының тұрғыны:
- Қазақтың беташар дәстүрін тамашалап, театр қойылымын көргендей әсер алдым. Ақтауға түркі тілдес елдерден келген қолөнершілер арасынан отандастарымды көріп, мәз-мейрам болдық. Каспийдің жағасында осындай ұлан-ғасыр мәдени шара өткізген қазақ ағайынға мың алғыс.
Қошқарбай Мәтіков, Қарақия ауданының тұрғыны:
- Маңғыстауда 14 наурыздан ұлы той басталады ғой, өзіңіз білесіздер. Сол той әлі жалғасын тауып жатыр. Кереметі, кеше 22-сі күні біздің ұлттық киімімізбен 5 мыңның үстінде адам шығып Гиннесстің кітабына кіріп, рекорд жасадық. Ол да бір үлкен мақтаныш. Оның үстіне Ақтау қаламыз түркі әлемінің мәдени астанасы болып жатыр. Соны, міне, елге танытатын бүгін үлкен ұлы той.
Этноқалашықта түркі әлеміне ортақ құндылықтарды, салт-дәстүрді насихаттайтын көрмелер ашылды. Қазақ халқының ұлттық бұйымдарымен қатар түркі тілдес ұлттардың құнды жәдігерлерін де көруге болады.
Сұлтан Раев, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы:
- 2024 жылы Әзербайжанның Шуша шәрінде түркі дүниясының мәдениет министрлерінің ТҮРКСОЙ кеңесінде 2025-те «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы деген шешім қабылдағанбыз. Бұл қаулыға лайық биыл біз Ақтауда 29-ға жақын іс-шараны ұйымдастырамыз. Бұл іс-шараларға бүкіл түркі дүниесінің өнері, мәдениетінің сигменттері қатысады.
Қазақтың, қала берді түркі әлемінің бай мәдениетін дәріптейтін ауқымды бағдарлама күні бойы жалғасады. «Дархан дала» этноқалашығындағы «Суын айғыр», «Шерқала», «Дәстүр» «Батырлар», «Ғашықтар» секілді 7 ауылда өнерпаздар қойылым көрсетіп, қолөнершілер шеберлік сағаттарын өткізіп жатыр. Салтанатты шара соңы қазақтың әлемге танымал өнер жұлдызы Димаш Құдайберген бастаған ТҮРКСОЙ ұйымы әртістерінің гала-концертіне ұласады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев