Алматыда «Өрлеу» халықаралық би байқауы аяқталды

Алматыда «Өрлеу» хореографиялық оқу орындарының IX халықаралық байқауы аяқталды, деп хабарлайды 24kz.

Оған 8 елден 135 жас биші қатысты. Байқауда «Классикалық би», «Халық биі» және «Заманауи хореография» бойынша жеңімпаздар анықталды.

Бұл байқау 2008 жылдан бері тұрақты ұйымдастырылып келеді. Іс-шара жас таланттарды анықтап, шеберлікті арттыруға, сондай-ақ классикалық, ұлттық және заманауи би өнерін дамытуға бағытталған. Дәстүрлі балетпен бірге жас өрендер би арқылы адам болмысын, табиғи құбылыстарды көрерменге жеткізуге тырысты.

Әділқазылар алқасы Ресей, Оңтүстік Корея, Түркия, Қырғызстан, Әзербайжан, Моңғолия, Өзбекстаннан келген бишілердің өнерін бағалады. Солардың ішінде Алматы хореографиялық мектебінің  шәкірттері көреременді талантымен тәнті етіп, «Класикалық» би номинациясында үздік шықты.

Әмина Батаева, байқау жеңімпазы:

- Біз алғашқы жүлдені жеңіп алғанымызға қуаныштымыз. Көп дайындалдық. Бәсеке мықты болды. Ұстаздарымызға алғыс айтамыз. Осындай байқаулар тәжірибемізді арттырады.

2019 жылы «Өрлеу» байқауы Халықаралық балеттік байқаулар федерациясының толық мүшесі болған соң ЮНЕСКО құрамына алынады. Сондықтан байқаудың мәдени маңызы бөлек. Жыл сайын оған қатысушылар саны да артып келеді.

Тоқжан Карменова, Алматы хореографиялық училищесі директорының орынбасары:

- Осы жылдар аралығында «Өрлеудің» халықаралық аренада беделі өсті. Биыл алғаш рет Моңғолиядан қатысушылар келді. Жастардың биге деген ынтасы оянып, қызығушылығы артып келеді. «Өрлеуден» өскен өрендер арасында бүгінде талантымен танылғандар көп. Мысалы біздің мектептің түлектері –  Бахтияр Адамжан мен Малика Елшібаеваны балет әлемінде бәрі біледі.

Халыаралық байқау жастарды таныстырып, достастырды. Мамандар  шеберлік дәрістерін өткізіп, пікір алмасып, түрлі тақырыптарды талқылайды. Байқауда үздік атанған ансамбль мен жеке орындаушылар диплом және ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Авторлары: А.Садуақас, Э.Кон