Ақтауда би фестивалі өтті
Ақтауда «Түркі биінің ырғағы» атты би фестивалі өтті.
Шарада бауырлас Әзербайжан, Түркия, Түрікменстан, қырғыз және өзбек елінің үздік ұжымдары өнер көрсетті. Туған жердің тарихын, салт-дәстүрін би тілімен жеткізе білген өнерпаздар көрермен қошеметіне бөленді. Каспийдің жағасындағы туристік қала Ақтаудың түркі әлемінің мәдени астанасы атанғаны белгілі. Соның аясында биыл Маңғыстауда 29 халықаралық іс-шара өтеді.
Түркі тілдес елдердің ырғақты биі әуезді әуенмен үйлесім тапты. Көрерменнің бишілердің өнерін зор ықыласпен қабылдауы соның айғағы. Халықаралық фестиваль түркі әлемінің үздік тоғыз ансамблінің басын бір сахнаға тоғыстырды. Арасында төрт қазақстандық би ұжымы бар. Барлығы да жаңа би қойылымын әкелген. Фестиваль соңында қатысушылар ТҮРКСОЙ ұйымы атынан қаржылай сыйлық алды.
Зәуре Әжібекова, "Қазына" халықтық би ансамблінің көркемдік жетекшісі, балетмейстер:
- Айтулы өнер фестиваліне «Қабан жырау» атты қазақ ұлттық биін және якут биін дайындап әкелдік. Өйткені, олар мәдениеті ұқсас түркі тілдес халықтар. Хореграфиялық қойылымды жоғары деңгейде дайындауға Самара қаласынан арнайы шақырылған балетмейстер көмектесті. Ақтау сахнасында тұсауы кесілген би қойылымдарын көрермен өте жақсы қабылдауы біз үшін зор мақтаныш.
Өткен аптада күллі түркі әлемі қасиетті өлке Маңғыстауға көз тікті. Қарт Каспийдің жағалауында «Ақтау - түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының салтанатты ашылу шарасы өтті. Оны 100 мыңнан астам адам тамашалады. Ауқымды мәдени бағдарламаға түркі елдерін қоса алғанда 1200 өнерпаз қатысты. Қала жағажайын үш күн бойы әсем ән мен күмбірлеген күй кернеді. Жеті этноауылда қолөнер шеберлері көпшілікке шеберлік сағатын өткізіп, өзара тәжірибе алмасты.
Сұлтан Раев, Түрксой халықаралық ұйымының бас хатшысы:
- Үлкен деңгейде өтті. Ол жерде менің бір таң қалғаным - 100 мыңнан астам көрермен болды. Сол 100 мың көрермен соншалық өзінің мәдениетін көрсетті. Бұл елдің мәдениетінің өте жоғары деңгейде екенін көрсеткен бір көрсеткіш болып қалды. Менің ойымша, Ақтаудың халқы рухани жақтан да, мәдени жақтан да өзінің ішкі дүниесін көрсетті. Бізге сондай қуанышты нәрсе болды.
Бағдарлама жоспарындағы іс-шаралар аймақта жыл соңына дейін жалғасады. Мәселен, Ақтауда классикалық және халық музыкасының концерті, фотосурет және картиналардың көрмесі, театр труппаларының фестивалі өтеді. Сондай-ақ халықаралық шығармашылық кездесулер, ұлттық спорт сайыстары ұйымдастырылады. Көзделген мақсат - әлемге түркітілдес елдердің бай мәдениетін көрсетіп, бауырлас халықтар арасындағы достықты паш ету. Бір жағынан Маңғыстауда туризмнің дамуына тың серпін берудің бірегей мүмкіндігі екені сөзсіз.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев